Депутаттар Елбасына Үндеу жолдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар Елбасына Үндеу жолдады

22.02.2015
Депутаттар Елбасына Үндеу жолдады

Парламенттің қос палатасындағы депутаттар Ассамблея ұсынысын қолдап, осы аптада Елбасына Үндеу жолдады. Президент сайлауын 2015 жылы өткізу туралы ұсынысты алдымен Мәжіліс, одан кейін Сенат депутаттары талқылады.

Екі палатаның жалпы отырыстарында бірнеше депутат сөз алып, өз тараптарынан және әріптестері атынан ұсынысқа қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Президент сайлауын өткізу алдағы болатын қиындықтарды ескеруге және ұлттық экономиканы нығайтуға өз септігін тигізеді,- дейді депутаттардың дені.

Сәрсенбі. Мәжілістің жалпы отырысы әдеттегідей бюро бекіткен күн тәртібін қараудан басталатын. Бірақ, бұл жолы олай болмады. Тиісті кворум күн тәртібін қарауға кірісер тұста сөз алған Жұматай Әлиев Ассамблея кеңесінің Президент сайлауын биыл өткізу туралы ұсынысын қарауды сұрады. Сауалына жауабын тез алған ол сосын бірден мінбеге шығып бірінші болып қаралуы тиіс тақырыпқа тоқталды.

Жұматай Әлиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазақстандықтар ішкі саяси тұрақтылықты одан әрі дамуды жақтайды. Біз бүкіл Қазақстан халқын, саяси партияларды, азаматтық секторды және еліміздің патриоттарын ҚР Президенті сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз. 

Әлиевтің әлиқисасынан кейін, Ассамблея ұсынысына қолдау білдіргендер бірінен соң бірі сөз алып, сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің өзектілігін айтты.

Сергей Дьяченко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

Сайлау өткізу туралы ұсыныстың мемлекет болашағы үшін маңызды екеніне сенімім зор. Біздің Парламенттегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы Ассамблея ұсынысына толықтай қолдау білдіреді. Бұл сайлаудың басқа сайлаудан салмағы басым. Бұл жерде Қазақстан халқының, ұлт тағдырының болашағы шешіледі.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл сайлау еліміздің ертеңі үшін, халқымыздың қамы үшін, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін керек. Біздің болашағымыз үшін керек. Сол үшін осыны қолдауларыңызды сұраймын.

Ирина Аронова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Сайлауды өткізу бізге әлемдік қиындықтарды ескеру үшін қажет. Барлық болжамдар бойынша халықаралық жағдай мен геосаясат ушығып барады. Бұл жағдай бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Сол себепті сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді қолдауға шақырамын.

Халықаралық қауымдастық түрлі қиындықты бастан кешіп жатқан тұста, ұзын арқан, кең тұсау деп жүру қазіргі қазақ қоғамына жараспайды. Сондықтан, мұндай мәселені уақыт тезіне салып шешуге қазақстандықтар бір кісідей атсалысуы  тиіс.

Төлеген Ибраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ассамблея ұсынған ұсынысты бәріміз бірауыздан қолдадық. Сол ұсынысқа өзіміз қосыламыз. Ұсыныс дәл уақытылы. Осындай қиын қыстау кезеңде Қазақстан халқының ауызбірлігін білдіруі керек.

Рамазан Сәрпеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Себебі, қазір етекті кеңге жайып отыратын жағдай емес. Қазір бір күннің өзі бір жылға татитын уақыт. Сондықтан, біз еш уақытта кешікпеуіміз керек. Алдымызға үлкен-үлкен межелер қойып отырмыз. Соның бәрінен абыройлы шығып кету үшін бүгінгі күні осындай шешімді қабылдағанымыз дұрыс.

Ассамблея ұсынысын бірауыздан қолдаған депутаттар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Үндеу жолдады. Онда Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты қолдау мен сайлау мерзімін белгілеу туралы өтініш айтылған.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Құрметті әріптестер! Мен түгелдей алдымдағы сөйлеген депутаттарды қолдаймын. Берекені көктен тілеме дейді, бірлігі мол көптен тіле демекші, әлемдегі бүгінгі аумалы-төкпелі заманда баршамыз тізе қосып, тілек ұластырып, мүдде тоғыстырып Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру үшін аса маңызды осы саяси іс-шараны бірге атқарысайық. Бұл сайлауды халық сұрап отыр. Халықтан асқан дана жоқ.

Жалпы отырыста Президентке жолданған Үндеуге қатысты Қаулы қабылдауға Мәжілістің 104 депутаты қолдап дауыс берсе, ертеңіне дәл осы Үндеуді Сенаттың депутаттары да түгел қолдап, Қаулы қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Парламент Сенаты Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдайды.

Уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болды, қазақстандық қоғамда оң пікірлер қалыптастырды. Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбылыстары күшейе түскен уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын қолдап,  Президент сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз.

Сенат спикерінің сөзінен кейін кезек алған депутаттар да Президент сайлауын биыл өткізу уақыттың талабы дегенді айтты.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс сайлау өткізейік деген байлам баянында қазіргі уақыттың тыныс тіршілігі мен әлемдік өркениетте еліміздің ертеңін тереңнен қабылдау.

Болар істің алдын алып мемлекет дамуының оңтайлы кезеңінде уақыттан ұтылмау жағын ойластырып, кезектен тыс президент сайлауын өткізудің тарихи мәні бар.

Серік Ақылбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бүгін біз бәріміз бірауыздан осы Үндеуді қолдадық. Заңгер, азамат, сенатор ретінде де өте дұрыс әрі уақытында шешілген нәрсе.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл уақытылы, қажетті нәрсе. Бұл дүниежүзіндегі дағдарысқа байланысты тек қаржығы байланысты емес, жалпы геосаясат жағдайына байланысты уақытылы нәрсе.

Елеусін Сағындықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұл бастама кездейсоқ көтерілген жоқ. Билік пен халық арасында пісіп-жетілген мәселе. Өйткені, алдағы жылы тағы бір электоратты үдеріс күтіп тұр.

Президентке жолданған Үндеуден бөлек, Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев  Ата Заңның 72-ші бабына сүйене отырып, Конституциялық  кеңесте Президент сайлауын белгілеу мәселелері бойынша ресми түсінік беру туралы өтініш жасады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу