Қаржы министрі: Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120 пайызға атқарылды

11.08.2020
Қаржы министрі: Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120 пайызға атқарылды

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 айдағы мемлекеттік бюджетінің атқарылуы туралы баяндады.

Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 4 трлн 468 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 94,7%-ға орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн 714 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 83,3%-ға орындалды.

Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 544 млрд теңгені құрады. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн салығы және корпоративтік табыс салығына тиесілі болды.

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 120%-ға атқарылды және 1 трлн 754 млрд теңгені құрады. Жоспар 294 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша — 277 млрд теңге. Барлық өңірлерде кірістер жоспарлары асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 8 трлн 136 млрд теңгені құрады. 74 млрд теңгеге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 13 млрд теңге, игерілмегені – 61 млрд теңге.

«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасау рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарларды жеткізбеу, нақты көрсетілген қызметтер көлеміне, орындалған жұмыс үшін төлеу», — деді министр.


Хабарламаларға жазылу