Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмаған әкімдіктерді атады

13.12.2019
Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игере алмаған әкімдіктерді атады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов облыс әкімдіктері мен министрліктердің қаражатты уақытылы игере алмауының себептерін атады. 

«Жалпы мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3 пайызға, республикалық бюджеттікі 99,4 пайызға және жергілікті бюджеттердің шығысы 97,4 пайызға атқарылды (игерілді). Жыл басынан бері мемлекеттік бюджеттен 12 трлн 352 млрд теңге бөлінген еді. Ал республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. 

Қаржы министрінің айтуынша, облыс әкімдіктері мен министрліктер жалпы 50 млрд теңгені игере алмаған. Қаражатты толық игере алмай жатқан министрліктердің арасында Экология, геология және табиғи ресурстар, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы, сондай-ақ тағы басқа министрліктер бар.

«Орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу немесе сотта қаралып жатқан істерге байланысты кей жағдайда бөлінген қаражат игерілмей жатыр», - деді ол. 

Қаражаттың игерілмеуінің ең ірі сомалары мына өңірлерде байқалып отыр: Түркістан облысы – 12 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы – 8 млрд теңге, Шымкент және Алматы қалаларында тиісінше 7 млрд теңге және 6 млрд теңге, Атырау және Маңғыстау облыстарында – 3 млрд теңге.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу