Бүгін Австралияның екінші ірі қаласы – Мельбурнде алты апталық карантиннің бірінші күні. Сауда орындары жабылып, бизнес тоқтағандықтан, азық-түлік тапшылығы проблемасы туындайды деген қауіп бар. Осылайша, жергілікті үкімет пандемияның екінші толқынымен күреске кірісіп, 5 миллиондай тұрғыны бар қаланы жапты. Соңғы 24 сағатта мұнда коронавирусты 471 адам жұқтырып, сегізі қайтыс болған.
Жалпы алғанда, Австралияда COVID-19 вирусы 20 мыңдай адамнан анықталып, 225-і жан тәсілім етті.
Скотт Моррисон, Австралия Премьер-министрі:
«Бұл – алаңдатарлық жағдай. Бірақ, күтпеген ахуал емес. Шара қолданылмаса, эпидемияның зардабы тіпті ауыр болады».
Ал, Вьетнамның Дананг курорттық қаласының стадионы жаңа вирустан емдейтін 1000-орындық госпитальге айналды. Айта кетсек, бұл ел өткен айға дейін қауіпті инфекциядан бір адам жоғалтпаған еді. Енді коронавирус Вьетнамның 10 қаласы мен провинциясын шарпып, оны жұқтырғандар 700-ден асып отыр. Және де тоғыз тұрғын қайтыс болған.
Жапонияның орталығындағы Айчи префектурасында да осындай науқастар қайта көбейгендіктен, төтенше жағдай тағы да жарияланды. Ал, пандемия салдарынан доғарылған Жазғы Олимпиада сақиналары бүгін Токио шығанағынан алынып тасталды.
Атсуши Янашимизу, Токио қалалық үкіметінің жоспарлау істері жөніндегі директоры:
«Олар мұнда жыл соңына дейін тұрмайды. Өте өкінішті жағдай. Төрт айдан соң шеңберлерді орнына қайтарамыз. Оған дейінсақиналар таза әрі қауіпсіз сақталады деп үміттенемін».
Коронавирус жұқтыру оқиғалары соңғы күндері Қытайдың Шыңжаңында, Филиппинде, Индонезияда, Непал мен Үндістанда да көбейіп келеді.
АҚШ пен Бразилиядағы эпидемиялық жағдай да әлі қиын. Құрама Штаттарда жұқтырғандар 5 миллионға жуықтаса, Бразилияда коронавирустан қайтыс болғандар 100 мыңға таяп қалды. Ал, планета бойынша, «COVID» құрбандарының саны 700 мыңнан асып отыр.
Арыстан Рысбек