Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда айналымы 50 пайызға көбейіп, биылғы 3 айда 600 млн АҚШ долларынан асып түскен. Бұл туралы бүгін Бейбіт Атамқұлов Түркия мемлекетінің сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен кездесу кезінде айтты. Бауырлас мемлекеттер алдағы уақытта алыс-берісті көбейтіп, жылына 5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл үшін барлық мүмкіндік бар.
Қос ел арасындағы байланыстың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгеніне биыл - 10 жыл. Қазақстан нарығында Түркияның 2200-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Атамқұлов отандық туризмді дамыту үшін тәжірибесі мол Анадолы елінің кәсіпкерлерін шақырды.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы көлік байланысын жақсарту жұмыстары да қолға алынбақ. Мәселен, Ақтау порындағы хабты дамыту үшін де түрік инвесторларын шақырту көзделуде.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Жалпы айтқанда, бүгін біз ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимыл шараларын белгілеп, экономикалық және сауда ықпалдастықты нығайту жолында тығыз байланыста болуды уағдаластық.
Мевлют Чавушоглу, Түркияның сыртқы істер министрі:
- Біз екіжақты қарым-қатынасты барынша нығайта береміз. Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев пен біздің Президент Ердоған нақты тапсырмаларды жүктеді. Осы қойылған межелерді бағындырған дұрыс. Біз екі ел арасындағы тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізгіміз келеді. Бірақ жақсы жұмыс атқара білсек, бұл көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізуге болатындай әлеует бар.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ