Жазушы-журналист Қуандық Шамахайұлы дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы-журналист Қуандық Шамахайұлы дүниеден озды

29.06.2020

Ол 23 маусымда COVID-19 жұқтырды деген күдікпен жедел жәрдем қызметі арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаға түскен. Бүгін журналистің қайтыс болғаны хабарланды. Қазір өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қуандық Шамахайұлы 1960 жылы Моңғолияда туған. ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану доценті. 1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүшелікке өтіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО мойындаған «халықаралық журналист» деген арнайы мәртебеге ие болған.

АҚШ, Жапония, Колумбия, Канада, Швейцария, Қытай, Ресей, Моңғолия жазушыларының таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударды. Альфрейд Нобель атындағы әдебиет сыйлығын әр жылдарда алған жазушылардың таңдаулы әңгімелерінен де арнайы аударып, әдеби басылымдар мен порталдар арқылы оқырманға ұсынды.  «Таскене», «Сексеуіл бүршік жарғанда» романдарының, «Кішкентай адам», «Сағым жыл» әңгімелерінің авторы. 

1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, қоғаммен байланыс, этика, әдебиет теориясы, аударма ісінің теориясы, әлем әдебиеті салалары бойынша дәріс беріп келген.

Қуандық Шамахайұлы Ұлттық арнаның «Ashyq alań» бағдарламасына тұрақты түрде қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты азаматтық пікірін ашық білдіріп тұратын еді.

Марқұмның отбасы, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.

Хабарламаларға жазылу