Тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар- Қ.Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәртіп сақшыларының басым бөлігі – адал қызмет етіп жатқан азаматтар- Қ.Тоқаев

27.06.2020

Ендігі тақырып тәртіп сақшылары туралы. Полицейлер. Қоғам пагон таққан азаматтар туралы айтылғанда қақ жарылады. Кереғар көзқарас бар, бір емес бірнешеу.

«Өмірде 24 сағат тынбай жұмыс істейтін тек, сағат» деген түсінікті тәртіп сақшылары төтенше жағдай кезінде бұзды. Тәулік бойы тынбай қызмет қылды, 476 блогпостта, 242 санитарлық бекетте, ковид-19 қылаң берген 462 аумақ пен 386 карантиндік орынды тастай қып бекітіп ұстап тұрды. Одан бөлек, қараңғы түссе қайдағысы түртіп қалаға ызғытып шығатын тәртіпсіздерді тезге салу қызметін де полицейлерге жүктедік. Тіл алатындарына айтты, қырсыққандарына айыппұл салды, жұдырық ала жүгіргендерін темір торға тоғытты. Мұның бәрі дөңгеленген дүниені ала доптай әрі-бері тепкілеп тынышын алған коронавирусты жүгендеу үшін жасалған еді. «Денсаулық деген - дәрігерсіз өмір». Осыны білу керек. Тәртіп сақшысы туралы тар түсінік болса, көрінбейтін кедергі болса оны жою бізде міндет. Өйткені полицияның қазір айтқанына құлақ асқаннан жеке тәуелсіздігіміздің тереңі таяз боп қалмайды.

Дұрыс, пагонды біреуге қоқаңдаудың емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің символы деп білетін қыз-жігіттер көп. Сондықтан біз оларға алғыс айтамыз. Кемшіліксіз мамандық тұрмақ, адам да болмайды. Оны ел де біледі, Президент те ескертіп айтты. Бірақ өзгенің айыбын айтамыз деп, бүгін сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жанын шүберекке түйіп жүрген мықтылардың көңіліне тиіп кетпейік. Қара басының қамы үшін өтірікті шындай қылып сапыратын көбік ауыздардан сақ болайық.

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу