Ұлттық банкке қосымша өкілеттіктер берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банкке қосымша өкілеттіктер берілмек

26.03.2019

Ұлттық банкке қосымша өкілеттіктер берілмек. Бүгін Үкімет пен еліміздің басты қаржы ұйымы арасында келісімге қол қойылды. Оған сәйкес, елдің макроэкономикасын басқаруда тығыз әріптестік орнап, негізгі 10 міндет айқындалды. Осылайша, саусақ бірікпей, ине ілікпес деген ұстанымды ұстанған олар базалық ставканың мөлшерін сол күйінде сақтап, инфляция деңгейін төмендетіп, теңге бағамының болжамын арттыруды көздеп отыр.

Бас қаланың атауы Нұр-Сұлтан болып ауысқаннан кейінгі Үкіметтің алғашқы отырысы кадрлық тағайындау, жаңа лауазым иелерін таныстырудан басталды.

Одан кейін сөз тізгінін еліміздің бас банкирі Ерболат Досаев алды. Ол Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы келісім туралы кеңінен айтып, негізгі міндеттерге тоқталды. Қаржы ұйымы бірлескен жұмыстың арқасында алдағы 2 жылда инфляция деңгейін 4-6 пайыз арасында сақтауды көздеп отыр. Ал, 2022 жылдан бастап оны 3-5 процентке төмендету жоспары бар.

Ерболат Досаев,  ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Дәліздің шегінен шығу тәуекелдері күшейген кезде ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Бұл бірлескен жұмыстың жаңа форматы деп айтуға болады. Экономикалық өсуге жәрдемдесуге өзара іс-қимыл белгіленді. Келісім іске асуының арқасында экономикалық сапалы өсім және халықтың тұрмыс сапасын арттыру қамтамасыз етіледі.

Ұлттық банкке алдағы уақытта ломбард, онлайн несие, жедел ақша секілді банктік емес ұйымдардың жұмысын реттеп, қадағалау құзыры берілмек. Осылайша, мемлекет қарапайым тұрғындарды олардың қулығынан сақтап қалуды көздейді. Өйткені, мұндай несие мекемелері азаматтардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, қарыз ақшаларына 1000 пайызға дейін үстемақы қосады екен.

Ерболат Досаев,  ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Тұтынушылық кредиттеу саласында халық үшін тәуекелдер күшейіп жатыр. Бұл жағдайларда кредиттік серіктестер, онлайн кредиторлар мен ломбардтар сияқты банктік емес ұйымдарды реттеу бойынша ұсыныстар қарастырылады. Келісімшарттардың ашықтығына, сондай-ақ, әлеуметтік осал топтарды қорғауға қойылатын талаптар күшейтілетін болады.

Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы өзара іс-қимыл құжаты алғаш рет келісім ретінде рәсімделді.

Үкімет отырысында индустрияландыру жайлы баяндама жасаған Роман Скляр екінші бесжылдық бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Оған сәйкес, енді кәсіпкерлерге мемлекеттік көмек жайдан-жай берілмейді. Экспорттың өсімі, техникалық жаңғырту сынды міндеттер қойылады. Ал, биыл 120 жоба іске қосылмақ.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: 

Биыл хюндай маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз. Камаз көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен кәсіпорын құрылады. Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникасы компонентін өндіретін, кировец зауытымен одан әрі ынтымақтасу жоспарланған.

Премьер-Министр Асқар Мамин индустрияландырудың қозғаушы күші бола алатын салаларға басымдық беру қажеттігіне тоқталды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

Қарапайым заттар экономикасын дамыту қажет. Бұл мақсатта Елбасы тапсырмасымен 600 млрд. теңге бөлінеді. Өңдеуіш өнеркәсіптің басымды секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан да нақты нәтижелерге жету керек. Бұл импортты алмастыруға, халықты жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді.

Жоспар бойынша 2020-2025 жылдарға арналған үшінші бесжылдықтың нәтижесінде өндіріс орындарының саны 2,3 есе артып, еңбек өнімділігі екі еседей өсуі тиіс.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу