Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына Сенат енгізген толықтыруларды талқылап, ол бойынша келісімін берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Парламент Сенатының депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған Кодекс жобасының тұжырымдамалық мәнін өзгертпейді», - деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.
Сонымен қатар, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары ілеспе заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен келісті.
«Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауаптылығының орындылығына сыни тұрғыдан талдау жасауды тапсырды. Осыған орай Парламент Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құқық бұзушылардың кейбір санаттары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне көшірілді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамалық мәнін өзгертпейді», - деді З. Аманжолова.
Еске сала кетейік, биыл 11 маусымда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы мен ілеспе заң жобасы қаралды. Талқылау барысында сенаторлар тарапынан ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып, құжат Мәжіліске қайтарылған болатын.