Үкімет басшысы Асқар Мамин оқшауланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы Асқар Мамин оқшауланды

15.06.2020

Коронавирус жұқтырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында. Оның айтуынша, соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары көбейген. Осы ретте барша қазақстандықтардан «жеке карантин» ережелерін қатаң сақтауды сұрады министр. Елжан Біртановпен Жамбыл облысында жұмыс сапарында бірге бірге болған Үкімет басшысы Асқар Мамин да оқшауланды. Яғни қашықтан бейнебайланыс арқылы жұмыс істеуде. Премьер-Министр коронавирусқа тест тапсырып, теріс нәтиже шыққаны хабарланды. Дегенмен, сақтық шараларын ескеріп, оқшауланғаны айтылды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асқар Аймағанбетов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та вирусты анықтауға сынақ тапсырып, теріс нәтиже шықты. Дегенмен, шенеуніктер оқшауланып, қашықтан жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев та өзін-өзі оқшаулау режиміне ауысты. Ол Мәскеу қаласында Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларға қатысуға байланысты осындай шешім қабылдаған. Өзін-өзі оқшаулау режимінің аяқталуы Мәскеуден оралғаннан кейін қабылданады.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу