Премьер-Министр Түркістан облысындағы құрылыс нысандарын аралады

05.12.2019

Бүгін Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысына ресми сапармен барды. Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып жатқан нысандардың құрылысын өз көзімен көрді. Сонымен қоса, шетел инвесторларының қаржысына салынған бірқатар кәсіпорындардың ашылуына қатысты.

Шымкентте Асқар Мамин жүн иіру зауытының ашылуына қатысты. Кәсіпорын Өзбекстандық инвесторлардың қаржысына салынған. Үкімет басшысы жаңа өндіріс өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Фабрика жылына 6 тоннаға дейін өнім өндірмек. Ал өндіріске қажетті шикізатты жергілікті шаруашылықтар беруге әзір.

Асқар Мамин Түркістан қаласындағы көпсалалы аурухананың іргетасын қалауға қатысты. 630 орындық аурухананың құрылысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ Премьер туристік орталықтың құрылыс жұмыстарының басталу салтанатына да барды. Үкімет басшысы бұдан бөлек жаңадан салынып жатқан мәдени нысандардың да құрылысын аралап көрді. Асқар Мамин сапар соңында құрылысты сапалы жүргізіп, ғимараттарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу