Симптомсыз коронавирус қаншалықты қауіпті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Симптомсыз коронавирус қаншалықты қауіпті?

12.06.2020

Қазақстанда симптомсыз коронавирусқа шалдыққан науқастар қатары күрт артып жатыр. Кеше ауру белгісі жоқ 393 адамнан COVID-19 анықталса, бүгін тағы 630 науқастан вирус табылды.

Елімізде соңғы кездері короновирус жүздеп тіркеліп жатыр. Бір қызығы, басым бөлігінде ауру белгілері жоқ. Сондықтан симптомсыз ауруға шалдыққандардың төңірегінде түрлі сөздер айтылып жүр. Бірі «індет жұқтырғандардың санын осылай әдейі өсіріп жатыр» десе, енді бірі вирусқа мүлдем сенбейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, симптомсыз науқастар короновирусты өзгелерге жұқтыруы екіталай деп мәлімдеді.

Бірақ бұл қауіп мүлдем жоқ деген сөз емес. Жұғуы мүмкін. Тек өте сирек. Өйткені мұндай науқастар өзін жақсы сезінгенімен, қанында бәрібір вирус болады.

Қазір елімізде 14 мыңға жуық адамнан короновирус тіркелген. Сегіз жарым мыңы емделіп шықса, қалғаны дәрігерлердің бақылауында. 70 пайызында ауру белгілері жоқ. Сол үшін жаңа қаулы бойынша мұндай науқастар үйінде жатып емделеді.

«Ауру белгісі жоқ болса, мұндай науқастар қалай анықталып жатыр?» деген сұрақ та туындауы мүмкін. Қазір елімізде жаппай скрининг жүріп жатыр. Ірі кәсіпорындар мен коронавирус анықталған жерлерде күніне 20 мың тест жасалады. Мамандар, осылайша Covid-19-ды асқынбай тұрғанда тауып, ем-дом жүргізіп жатыр.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу