Ұлттық сусын қымыран экспортқа шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық сусын қымыран экспортқа шығады

13.12.2018

Төрткүл дүниенің қазақтың ұлттық сусыны - қымыранды мейірі қанып ішетін күні алыс емес. Түркістан облысында түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдырып, түйіршік түріндегі сусын етіп шығаратын зауыт іске қосылды.

Кәсіпорын жылына 2,5 мың тонна сүт өңдей алады. Дайын өнімнің 90 пайызы шетелге экспортталады. Сондай-ақ, келешекте мұнда  түйе сүтінен сусамыр дертімен ауыратындарға арналған дәрілік қоспа, косметика және түрлі дәммен жасалған йогурттар да шығарылмақ.

Шаруашалықтардан сатып алынған түйе сүті зауытта өңдеудің үш түрлі сатысынан өтеді. Сүзгіге жіберіледі. Тазаланады. Бумен өңделеді. Осындай тәсілмен кәсіпорында тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт дайындалады. Одан 6 тоннадан астам құрғақ қоспа әзірленеді.

Аршын Ғабиден, зауыт жұмысшысы:

Бұл цехтың негізгі міндеті - сүтті қабылдап алғаннан кейін ең алғашқы өңдеу процесі жүргізіледі. Тазаланады сеператормен. Одан кейін пастерлеу жүргізіледі. Ең соңында таза сүтті тікелей цехқа жіберіп, ұнтақ шығаруға дайындаймыз.

Үйде дайындалған қымыран әрі барса бір апта сақталады. Ал мынадай қалбырға салынған түйіршік түріндегі шұбат үш жылға дейін бұзылмайды. Дәмі мен нәрін жоғалтпайды. Тасымалдауға да ыңғайлы. Бір құтыдағы 330 грамм ұнтаққа су қосылғанда 3 жарым литр шұбат әзірленеді. 

Қазір зауытта 100 адам жұмыс істеп жатыр. Өндірісті басқару толығымен автоматтық жүйеге негізделген. Зауытты салу үшін шетелдік инвесторлар 7 жарым миллиард теңге қаржы жұмсады.

Жазира Озатқызы, зауыт директорының бірінші орынбасары:

Біздегі бүкіл құрал-жабдықтар ең жаңа технологиямен жабдықталған. Бұл жерде адам күші жұмыс жасамайды. Тек қана адам осы жерде қадағалап, бақылап, басқарып қана тұрады.

Зауыт әзірге түйе сүтін Отырар мен Түркістанның төңірегіндегі шаруашылықтардан сатып алып жатыр. Жалпы өңірде 27 мыңнан астам Ойсыл қара тұқымы өсіріледі. Одан жылына 13 мың тонна сүт сауылады. 

Қымыран дайындайтын бірегей кәсіпорынның іскен қосылуы енді Түркістан облысында ғана емес, көршілес  Қызылорда, Жамбыл облыстарында да түйе мен жылқы өсіру ісін өрістетпек. Өйткені, кәсіпорын келешекте түйемен бірге бие сүтінен де осындай құрғақ ұнтақ шығару ісін қолға алмақ.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу