Елімізде арнайы орталықтарда тұратын мүгедек балалар әлімжеттікке жиі ұшырайды

31.05.2020

Павлодар облыстық балалар психоневрологиялық арнайы медициналық қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. Күдікке іліккен мекеме қызметкерлері мүгедектігі бар балаларды түні бойы кереуетке байлап қоятын болған және күш те қолданған. Мұның барлығы облыстық прокуратураның тексеруі барысында бейнекамераға түскен.

Сол 18 қылмыстық істің үшеуі сотта қаралды. Тергеу анықтағандай, мекеменің санитарлық қызметкерлері күндізгі «тыныш сағат» дейтін уақытта және түнде орталықтағы мүгедек балаларды төсекке матап қоятын болған. Ал байлауға бой бермегендерін ұрып соққан. Кейде байлауды шешуге ұмытып кетіп, балалар өздері бірін бірі босатады екен. Жүйкесінде зақым бар балаларға жәбір көрсеткен қызметкерлердің төртеуі үш жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Қалған 14-нің ісі қаралып жатыр.

Осы аптада Түркістан облысындағы нөмірі 7 арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтағы да былықтар шықты – ұрып-соғу, шіріп кеткен тамақ беру фактілері. Ал Шығыс Қазақстан облысы Аягөздегі арнайы қызмет көрсететін балалар орталығында сәуір айында 4 баланың қайтыс болғаны мәлім. Елімізде арнайы орталықтарда тұратын мүгедектігі бар балалардың әлімжеттікке ұшырайтынын, дұрыс күтім көрмейтінін осы жайттар кезекті рет ашып берді. Иә, балаларды керуетке байлап қою, шіріген тамақ беру немесе ыстық күні жемпір кигізіп қою, ақсерке балығы мен бекіре уылдырығын сатып алуға тапсырыс берілгенімен оның балаларға берілмейтіні осы жүйедегі ситуацияның қаншалықты жантүршігерлік екенін айғақтайды. Бірақ бейнелеп айтқанда «дәмді балықтың сорпасы ащы» екені өзгерістер болады дегенді білдіре ме? Мұндай орталықтарды ірі қалаларға, облыс орталықтарына көшіру керек, сонда ғана қоғамдық, жалпы бақылау орнатуға болады дейтіндер бар. Күмәнді – себебі оған Павлодардағы жаңа айтып берген жағдай дәлел. Ертеңгі, балаларды қорғау күніне орай дәл осындай әңгіме өрбіту - күрсіндіреді. Бірақ біз жемесек те, балықтың қылтанағы тұрып қалғандай әсер береді...



Хабарламаларға жазылу