Ақтөбеде өндіріс орнында болған апаттан 4 жұмысшы қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде өндіріс орнында болған апаттан 4 жұмысшы қаза тапты

28.05.2020

Ақтөбеден жайсыз хабар. Облыс орталығында орналасқан хром қосындылары зауытында төтенше жағдай орын алып, 4 жұмысшы қаза тапты.

Оқиға бүгін түс мезгілінде зауыттың төртінші цехында болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 50 текше метрлік бөшкеге тазалау жұмыстарын жүргізу үшін алдымен бір жұмысшы, оның артынша тағы үш адам кірген. Сол сәтте қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан қатты қысыммен ыстық бу атқылаған деген мәлімет бар. Оқиға орнына олардың төртеуі де қаза тапты. Тағы екі адам ауыр жарақат алған. Олар облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.

Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Қазір ол жерде Полиция департаментінің тергеу тобы мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Аталған факті бойынша «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік техникасын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу