Эстония премьер-министрі: Қазақ елімен байланыс үлкен мүмкіндіктерге жол ашады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эстония премьер-министрі: Қазақ елімен байланыс үлкен мүмкіндіктерге жол ашады

05.11.2018

Эстония Қазақстанмен әріптестіктің әлеуеті зор деп есептейді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге мүдделі. Ресми сапармен Астанаға келген Эстония Республикасының премьер-министрі Юри Ратаса осылай деді. Солтүстік Еуропадағы шағын мемлекет үшін Қазақ елімен байланысты бекемдей түсу үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Қос ел ІТ, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, экологиялық технологиялар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында ортақ жобаларды жүзеге асырып, экономикалық қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түспек. Қазір Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымының қарқыны біраз бәсеңдеп, шамамен 32 мың долларды құрап отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін екі ел сарапшылары Астанада бизнес-форумда бас қосып, іскерлік байланысты өрлетудің амалдарын іздестірді. 

Юри Ратаса, Эстония Республикасының премьер-министрі:

- «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Қазақстан мен Эстония теміржол байланысын дамыта алады. Қазақстан Үкіметінің жеке сектормен бірлесіп, жаңа экономикалық модель құрып жатқанына көзім жетті. Мұндай өзгерістер мықты қолдауды қажет етеді. Эстония экономикасы да қазір түрленіп, бейнетті индустриядан капиталдық жүйеге көшіп жатыр. Әрине, бұл дәстүрлі индустрия жойылып кетеді деген сөз емес. Алайда, бұрынғыдан тиімдірек цифрлық, автоматтандырылған жүйе енгізіледі. Міне, екі ел осы бағытта ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниетті. 

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу