Еуразиялық экономикалық одақтың елімізге берері бар ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық экономикалық одақтың елімізге берері бар ма?

24.05.2020

Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылдық стратегиясы осы аптада өткен Президенттердің онлайн-жиынында қабылданбады. «Жалпылама мақұлданды, бірақ пісіруге жіберілді»,- деген жалпы қасаң тілмен жазылатын ресми хабарламада.

Ал жиынның біздің қоғам елең еткен тұсы бар – Қ.Тоқаевтың сөзі. Қазақстан Президенті: «Дайындалған стратегия үкіметтер мен парламенттердің егемен құқықтарын шектейді»,- деді. Мемлекеттердің заңдарын біріздендіру жолдарына күмән келтіріп, Қазақстан қоғамы мұндай стратегияны қабылдай алмайтынын айтқан. Себебі егемендік принциптеріне қол сұғатынын айтқан. Сонымен бірге, одақтың реттеуші органы - Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселесінде абайлау керектігін айтқан.

«Еуразиялық экономикалық одақтың елімізге берері бар ма?»-дегенді қоғам, саясаттанушылар дүркін-дүркін көтереді. Скептикалық пікірлер басым. Ал онлайн-жиыннан кейін – Қ.Тоқаевтың пікірінен кейін «әйтеуір айтылды-ау!» деген комментарийлер құйылды.

Белгілі саясаттанушы Д.Сәтпаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл одақтың Қазақстан үшін экономикалық тұзақ екенін айтып келе жатқандарына тоқталған. «Одақ Ресейдің геосаяси жобасы, оны құру Қырымды аннексиялаумен тұспа-тұс келді»,- дейтін пайымымен бөлісіп, қазақстандық бизнеске 170 миллиондық нарықтың есігі ақыры ашылмағанына тоқталған.

Сонымен, Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттілігі кеңейсе оның килікпейтін жері қалмайды. Мәселен, екі елдің өзара саудасының үстінен де қарағысы келеді.

Тағы бір белгілі саясаттанушы А.Сарым «Телеграмдағы» парағында былай деген:

«Бізге ұнай ма, ұнамай ма, бірақ біз Ресей және Қытаймен сауда жасаймыз. Бұл бізден анық, түбінде «шөп-шаламы» жоқ, компромиссіз прагматизмді талап етеді. Бұл жағдаймен өмір сүріп үйрену керек. Кіршіксіз вариант мынадай – рахаттанбасақ та, тиімді болып, пайда көруге тиіспіз».


Хабарламаларға жазылу