Тараз қаласында шайынды суды тазартатын құрылғы жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараз қаласында шайынды суды тазартатын құрылғы жоқ

22.05.2020

Тараз қаласында шайынды суды тазартатын құрылғы атымен жоқ. Кәріз суын биологиялық жолмен толық тазалайтын кешеннің жобасы он жылдан бері аяқсыз қалып келеді. Ал кеңес кезінен қалған сүзгі алаңы қазір ернеуінен асып, апатты жағдайда тұр.  

Шайынды судың шөккен қалдығы, тереңдігі 6 метр шұңқырларды толтырып тастаған. Тозған қондырғы тәуліктік мөлшерден екі есе аз су өткізеді. Су жақын маңға жайылып, алып құрылғының жан-жағын қалың қамыс пен ну тоғай басып кеткен. Мамандар бұл техникалық тұрғыдан нағыз апатты жағдай екенін айтады.

Бұл жағдайды жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ шайынды суды тазартатын кешеннің қашан салынарын дөп басып айта алмайды. Жоба бұған дейін он мәрте комиссияның қарауынан өтпей қалған.

Қазір 46 мың шаршы шақырымды алып жатқан сүзгі алаңының суы жер асты арқылы жақын маңдағы Аса өзеніне құйылып жатыр. Ол ауаға тарап жатқан қалдықсумен бірге экологияға орасан зиян келтіруде. Мамандардың айтуынша, жаңа құрылғыны ертерек салмаса, сүзгі алаңы ернеуінен асып, апатқа соқтырады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу