Мақтарал ауданына Шымкент қаласынан 40-қа жуық техника жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтарал ауданына Шымкент қаласынан 40-қа жуық техника жіберілді

04.05.2020

Ал апаттан зардап шеккен Мақтарал ауданына Шымкент қаласынан 40-қа жуық техника жіберілді.

Ауыр техника көмегімен ауыл шекараларына топырақтан бөгет көтеріп, судан қорғайтын тосқауыл жасалады. Әрі елді мекендердегі апаттан бүлінген, зақымданған жерлерді тазартады. Мақтарал ауданына бүгін, сонымен қатар шаһардың үкіметтік емес ұйым мүшелері де қолғабыс жасау үшін аттанып кетті.

Сыр өңірінен де 45 құтқарушы аттанады. Олар бүгін шұғыл сап түзеп, жеке құрамның жауынгерлік әзірлігін пысықтады. Түркістан облысындағы төтенше жағдайға байланысты көмек көрсетуге өңірдегі өрт сөндіру және апаттық құтқару құрылымынан 45 жасақ, 7 техника, 4 моторлы қайық сақадай сай отыр. Жеке құрам 14 күнге жететін азық-түлік және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, еліміздің оңтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен Мақтарал ауданындағы бірнеше елді мекен тұрғындарына қиын-қыстау кезеңде қаржылай қолдау көрсетем деушілерге Түркістан облысы әкімдігінен арнайы қайырымдылық қорының есеп шоты ашылды.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу