Жетісу облысында 6 су қойма салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 6 су қойма салынады

29.04.2024

Жетісу облысында алдағы маусымда егістік алқаптарында су тапшылығын болдырмау үшін кешенді жұмыс басталды. Биыл 173 шақырым арықтар мен каналдар тазартылып, 54 гидротехникалық қондырғы, 10 гидробекет жөндеуден өтеді. Мұнан бөлек облыстағы өзендерде тағы 6 су қоймасын салу жоспарланған.

Жаз айларында судың да сұрауы болатынын көксулық шаруалар жақсы түсінеді. Алқап басында кейде суға таласып, жаға жыртысып қалатынын да жасырмайды. Биыл мұнда бұл мәселе түбегейлі шешімін таппақ. Ауданда жалпы ұзындығы 108 шақырымдық 15 магистралды канал жөнделіп жатыр. Бұл өз кезегінде 13 600 гектар егістікке судың ысырапсыз жетуіне септігін тигізбек.

Мұхтар Әбіләшім, шаруа қожалығының жетекшісі:

Лоток қойылды. Енді тіпті жақсы болды бізге. Бұл жердегі шаруа қожалықтар бәрін көріп, дән риза. Бұдан кейін судан келген андай-мындай талас, судан жетпей қалушылық болмайды деп айта аламын.Өте жақсы.

Көксу ауданында ауыл шаруашылығына қажет тіршілік нәрі үш өзеннен алынады. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген арықтар жаңартылып, бетоннан салынып жатыр. Екінші кезеңде тағы 160 шақырымға жуық канал қалпына келтірілмек.

Құдайберген Сержанов, «Қазсушар» рмк көксу аудандық филиалының басшысы:

 Мамыр айының 4-5-і біз суды береміз халыққа. Обводной қазылады жан-жағынан. Жаздай жұмысты тоқтатпаймыз біз. Жаздай жұмыс істейді күзге дейін. Күзде тағы ары қарай жалғаса береді. 2026-ға дейін бітіру керек бізге.

Биыл Жетісу облысының егістік алқабы 18 мың гектарға ұлғайды. Ал суға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан өңірде суды үнемдеумен қатар жаңа су қорларын игеру міндеті тұр.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жетісу облысында алдағы уақытта су тапшылығының алдын алу мақсатында дәл осындай 6 суқойма салу жоспарланып отыр. Олардың үшеуінің құрылыс жұмыстары басталып жатса, тағы үшеуінің техникалық негіздемелері жасалынып жатыр. Бұл су қоймаларда жалпы көлемі 70 млн текше метрге дейін су жиналады деп күтілуде.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу