Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты

06.06.2018

Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсартып, ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған жұмыстары нәтижелі. Бүгін Мемлекет басшысы кеңестің 31-пленарлық отырысына қатысып, баршасына алғысын білдірді. Биылғы отырыс Шетелдік инвесторлар кеңесінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Жиында цифрлық трансформация, жаңа технологияларды қолдану және экономиканың одан әрі даму келешегі жөніндегі мәселелер талқыланды.

«ENI», «ExxonMobil», «Chevron», «General Electric». Осы сынды әлемді аузына қаратқан алпауыт компаниялар бүгінде табысты жұмыс істеп келеді. Еңсесін енді тіктеген егемен елге келіп, күмән мен күдікке, қауіп пен қатерге қарамастан, қыруар қаржысын құйды. Қазақстан экономикасына серпін беріп, мемлекетпен бірге өсті, өркендеді. 

Азаттықтың алғашқы жылдары шынымен оңай болған жоқ. Қазақстан өзге елдер секілді түрлі дағдарыстарға тап болды. Бірақ, төтеп берді. Еңсерді. Елбасының дер кезінде дұрыс қабылдаған шешімдерінің арқасында елдің еңсесі түспеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан қазір жан басына шаққанда инвестициялар бойынша әлемдік орташа деңгейден  жоғары көрсеткішке ие. Осының арқасында еліміз қазір дамып келе жатыр және жаңа бағдарламаларды орындауға мүмкіндігіміз бар. Яғни, біз үлкен жұмыс атқардық деген сөз. Барлығыңызға үлкен алғыс білдіремін.

«Келісіп пішкен тон келте болмас». Қиын кезеңде шетелдік инвесторлармен бірігіп, қоян-қолтық істелген жұмыс нәтиже берді. Бізде кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, инвестициялық соттың енгізілуі тиімді болды. Енді соттардың өзі «ақылды» бола бастайды.

Жақып Асанов, ҚР Жоғары сотының төрағасы:

- Мен «смарт» сот жүйесі туралы айтып отырмын. Енді артық жұмыстан, қағазбастылық, кезек дегеннен құтыламыз. Бұл жемқорлыққа да жол бермейді. Жарты жыл бұрын жұмысты бастап кеттік, қыркүйек айында жаңа жүйе бойынша қажетті шаралар тізбесін ұсынамыз. Біз қазір соттардың іс-әрекетін, мәдениетін, ой-санасын өзгертуді қолға алдық.

Бүгінде шетелдік инвесторлар кеңесіне 35 ірі трансұлттық комппания мен халықаралық ұйым кіреді. Бүгінгі отырыста кеңестің жаңа мүшелері таныстырылды. Жиында сөз алған алпауыт компаниялар жұмысының бағыт-бағдарын баяндап, Қазақстандағы табысты еңбектерін сөз етті. 

Эдуардо Лейте, «Бейкер және Макензи интернэшнл» компаниясының құрметті төрағасы:

- Әр екі жыл сайын Қазақстан әлемнің жетекші университеттерінің түлектерін арнайы топ құру үшін шақырады. Олар роботехника, медицина, ауыл шаруашылығы сынды ең маңызды салалар бойынша жобалар әзірлейді. Жобаларды Билл Гейтс, Илон Маск сынды танымал сарапшылардан тұратын комиссия қарайды. Бұл жұмыстар Қазақстанның көшбасшы елдер қатарынан көрінуіне көмектеседі. Құрметті Президент, Модернизация жөніндегі Назарбаев сыйлығын тағайындауды ұсынамын.

Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.

Жиынды қорытындалаған Елбасы келесі отырыстың тақырыбын белгіледі. Келесі кеңес отырысы адам капиталын дамыту мәселесіне арналмақ. Себебі, сапалы жұмыс күші әлі де жетіспей жатыр. Қазіргі озық технологияны ескерсек, білікті де тәжірибелі маман даярлау - тек Қазақстан емес, жаһан жұртын алаңдатқан басты мәселесі.

 

Жазира ДОСМАҒАНБЕТ

Хабарламаларға жазылу