ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдай кезінде қабылдап жатқан шараларын зерделеп көрді.
Ресей жұмыссыз, табыссыз қалғандарға «несилік демалыс» жариялады. Пандемия кесірінен табысы 30 пайыздан кемісе, онда азаматтың несиесі 6 айға шегеріледі. Кәсіпкерлерге қайтарымсыз көмек көрсетіледі. Ал Өзбекстанда жалғызбасты қарттар мен мүгедектер азық-түлік және гигиеналық заттармен тегін қамтамасыз етіліп жатыр. Кәсіпкерлердің несие төлемдері кешіктіріледі немесе шығындарының бір бөлігі өтеледі. Бұдан бөлек, 100 мыңнан астам медицина қызметкерлеріне үстемақы қосты.
Әзірбайжан мемлекеті 600 мың адамға 190 манаттан, яғни 47500 теңгеден берді. Бізде мұндай қолдауды 3,5 миллион қазақстандық көріп отыр.
Қырғызстан 200 мың отбасыны азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етті. Бірақ, мұқтаж жандардың қатары одан да көп. Жалпы, елде коронавируспен күресу үшін 1 миллиард сом бөлінді. Ал Грузия билігі эпидемия кезінде экономиканы қолдау үшін 2 миллиард лари бөлді. Бұл 600 миллион АҚШ долларына тең.
Ал Қазақстан қатерлі індетпен күресуге 23,4 миллиард теңге бөлді. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда анағұрлым көп. Табыссыз қалғандар қолдаусыз қалмады. Коммуналдық төлемдерге де жеңілдік жасалды. Атаулы әлеуметтік көмек пен кепілдендірілген көмек тағы бар. Азық-түлік жиынтығы 800 мың отбасыға жеткізілді. Коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлердің жалақысына еселеп үстемақы қосты. Шағын және орта кәсіпкерлер 3 айға салықтан босады. Жалпы, Президент отандық кәсіпкерлерді қолдап, жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 миллиард теңге бөлуге пәрмен берді.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ