Төтенше жағдай кезінде қызметкерлерге жалақы қалай төленеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төтенше жағдай кезінде қызметкерлерге жалақы қалай төленеді?

17.03.2020

Қауіпті індетпен күрес күшейді. Сақтық шараларын арттыру мақсатында елімізде бірқатар мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Олардың қатарында сауда-ойын сауық орталықтары мен кинотеатрлар бар. Білім беру мекемелері де қашықтықтан оқытуды бастап кетті. Ал мұндай қысылтаяң кезеңде азаматтардың айлығы қалай төленбек?

Карантин кезінде елдегі еңбекақы мөлшері ең төменгі жалақы деңгейінен төмен болмауы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі баспасөз жиынында осылай деп мәлімдеді. Сондай ақ жұмыс берушінің қызметкерге жалақы төлеуде не нәрсені ескеруі қажеттігін де түсіндіріп өтті?

Ал егер төтенше жағдайға орай жұмыс көлемі шектелетін болса, жұмыс берушілер қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Бұл ретте қызметкер атқарған жұмыс көлеміне байланысты айлық алады. Мәселен, жұмысшы бір күнде 8 сағат жұмыс істеуі қажет, бірақ, карантинге байланысты 4 сағат қызмет атқарса, онда жалақы осы 4 сағатқа төленеді.

Егер еңбек шартында немесе ұжымдық шартта бұдан жоғары жалақы көрсетілсе, онда шартта қарастырылған айлық төленеді.

Бұдан бөлек, баласымен үйде отыруға мәжбүр ата-аналар ақылы еңбек демалысына шыға алады. Бұл тұрғыда жұмыс беруші қызметкердің отбасында жұмыссыздар мен мұндай еңбек демалысын алмаған азаматтың жоқтығы туралы анықтаманы талап етуге құқылы.

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу