АЭФ – әлем баспасөзі назарында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭФ – әлем баспасөзі назарында

18.05.2018

Екі күннен бері Астана экономикалық форумы бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. Ол турасында бүгін әлем газеттері мен телекомпаниялары да хабар таратты.

«Ғаламдық трендтерді талқылау үшін Қазақстан Астана экономикалық форумын ашты». Венесуэлада шығатын «Latin American Herald Tribune» газетінде жарық көрген мақаланың тақырыбы осындай. Автордың мәліметінше, жиынға әлемнің 24 мемлекетінен 450-дей саясаткер, ғалым, экономист, журналист және өзге де кәсіби мамандар қатысып жатыр. Оңтүстікамерикалық журналист көлемді материалында Қазақстан Президентінің «Әлем ғажап қарқынмен өзгеріп келеді. Адамзат нені күтіп отыр: гүлдену дәуірін бе, әлде тоқырау кезеңін бе?» деген сөзін жариялаған. Сонымен қатар, осы газеттің пікірінше, Қазақстан өзінің мұнай-газ және өзге де табиғи ресурстарына сенім арта бермей, жаңа әрекетке көшіп, экономикасын әртараптандырып, жекешелендіру мен демократиялық реформалар жүргізіп жатыр.

Ал, Қытайдың «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, Астана экономикалық форумында Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ол құжат кедендік ынтымақтастық, интеллектуалдық меншік құқығы тәрізді 13 саланы қамтиды және де бұл пәтуа нәтижесінде кедендік рәсімдеу жеңілдеп, сауда шығындары азаяды. Сонымен қатар, қытайлық агенттіктің мәліметінше, екі жақты келісім «Бір белдеу, бір жол бастамасы» мен Еуразиялық экономикалық одақ құрылымдары арасындағы интеграцияны жеделдете түспек.

Астана экономикалық форумы немістің «Дойче Альгемайне цайтунг» газетінің де назарынан тыс қалған жоқ. Оның орыс тіліндегі сайты осымен 11-ші рет өтіп жатқан форумның пленарлық мәжілісіне Елбасының қатысқанын және Н.Назарбаевтың планетарлық дамудың бес негізгі трендін ерекше атап өткенін хабарлады. Германиялық тілшінің мәліметінше, олардың қатарында адамның іс-әрекетінің барлық аспектілерін цифрландыру, энергетикалық революция, Жер шары тұрғындары санының өсуі, урбанизацияның сипаты мен қарқынының өзгеруі сияқты трендтер бар.

Арыстан РЫСБЕК

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу