Мұнай бағасы қашан қалпына келеді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнай бағасы қашан қалпына келеді?

21.04.2020

Өткен тәулікте ондаған долларға арзандап, тарихта алғаш рет минусқа кеткен америкалық мұнай бүгін сәл ғана қымбаттап үш долларды әрең төңіректеді. Осы жағдайға байланысты биржаларда акциялар индекстер төмендеп, доллар күшейді. Капитал мен шикізат нарығы сарапшыларының пікірінше, көмірсутегінің құнсыздануына әлемде оны сақтайтын орынның азаюы себепші.

Көмірсутегінің нарқын қайта көтеру үшін Ресей мен Сауд Арабиясы баға соғысын доғарып, осы айда мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келісті. Бірақ бұл пәтуадан әзірге пайда болмай тұр.

Экономистердің есебінше, әлемде мұнайға сұраныс тәулігіне 29 миллион баррельге азаяды. Бұл көрсеткіш – ОПЕК пен Ресей, Қазақстан тәрізді экспортерлер қысқартқан рекордтық көлемнен үш есеге жуық жоғары.

Мұнай бағасы қашан қалпына келеді? Кейбір болжамдарға қарағанда, мамырда емес, маусымда шикізат нарқы өсуі мүмкін. Өйткені жаздың бірінші айында әлемде Covid-19 дағдарысы әлсіреп, экономикалық белсенділік артады деген үміт бар.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу