Шымкентте коронавирустан бір адам қайтыс болды

14.04.2020

Бүгін кеселден көз жұмған екі науқастың бірі - Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Рабат ауылының тұрғыны. Бұл ел аумағына індет тарағалы үшінші мегаполисте аурудан жан тапсырған екінші адам. Шаһарда сондай-ақ, науқастар саны да артып барады. Бүгін тағы бір азаматтың ағзасынан қауіпті инфекция анықталды. Ол кеше Варшава қаласынан арнайы ұшақпен елге жеткізілген болатын. Осылайша, қалада кесел жұқтырғандар саны 39-ға жетті.  

58 жастағы азамат ауруханаға осыдан үш күн бұрын жатқызылған болатын. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі «Қарағанды-Новосбірге» қарай жол жүріп бара жатқанда ыстығы көтерілген. Тыныс алуы нашарлап, ентіге бастаған соң дәрігер көмегіне жүгінген. Науқас осы кезге дейін жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Арнайы қондырғы көмегімен тыныстап жатқан болатын. Науқас бүгін таңда үзілді.

Әкесінің жанында болған ұлы дереу Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар аурханасына жатқызылған болатын. Қазір стационарлық ем қабылдап жатыр.

Қазір шаһарда 11 аймақ індет ошағы ретінде карантинге жабылған. Тағы бір жаңалық, індетпен күресіп жатқандардың қатарына бүгін 100-ге тарта сарбаз қосылды. Олар залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барады.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу