Нұр-Сұлтанда коронавирустан 1 адам көз жұмды

14.04.2020

Коронавирустан бүгін елде тағы екі адам көз жұмды. Осылайша, қатерлі кеселдің кесірінен қайтыс болғандардың 14-ке жетті. Індеттің ілмегіне ілікендер саны да күрт артып, мың екі жүзден асты. Әсіресе, соңғы үш күннің өзінде үш жүздан аса адамнан COVID -19 анықталды.

Өкінішке қарай, вирустан көз жұмған екі адамның бірі - Нұр-Сұлтан тұрғыны. Жасы 70-те. Үш күн бойы қызуы көтерілсе желер жәрдем шақырмағаны анықталды. Тек дерті денгенде ғана дәрігер көмегіне жүгінген.

Науқас артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек ишемиясымен ауырған. Марқұммен байланыста болған жақындары қазір үй карантинінде. Ал Қазақстанда бір тәулікте коронавирус жұқтырған 140 адам анықталды. Сонымен қатар, бас қалада соңғы 5 күнде бес мыңға жуық адамға экспресс тест жасалды. Нәтижесінде 61 адамнан вирус белгілері анықталған. Осылайша, статистиканың күрт өсуіне де жедел тестілеу әсер етті. Дегенмен, нақты диагностикалық тәсілмен тексеру кезінде бұл тұрғындардың тең жартысының сау екені белгілі болып, үйлеріне жібірілген.

Алдымен тегін тестті қауіпті топтағылар тапсыра алады. Олар медицина қызметкерлері, полицейлер мен созылмалы дертке шалдыққандар. Жалпы, елде коронавирустан жазылып шыққандардың да саны өсіп келеді. Қазіргі сағатта - 150 адам.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу