Ел өңірлерінде вирус өршіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел өңірлерінде вирус өршіп барады

10.04.2020

Қатерлі індет кәріні де, жасты да құрығына іліп, күннен-күнге өршіп барады. Індет Шымкент қаласында да тамыр жайып барады. Шаһарда тағы 4 адамның кесел жұқтырғаны анықталды. Олар вирусқа шалдыққан науқастармен тығыз байланыста болған. Екеуі жасөспірім. 10 және 11 жаста. Бір қуанарлығы Шымкентте бір адам аурынан айықты.

Маңғыстау облысында коронавирус жұқтырған тағы екі адам тіркелді. Олар Шетпе ауылындағы аудандық ауруханаға жатқызылды. Екеуі де 40 жастағы әйел.

Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекара бекетіндегі тексеріс кезінде Өзбекстанның екі азаматының вирус жұқтырғаны анықталды.

Ал, Атырауда карантинде жатқандар шу шығарды. Наразылық білдіргендер Амстердам мен Түркиядан ұшып келген студенттер. Олардың сөзінше, карантин кеше аяқталуы керек болған. Алайда, оқшауланған адамдардың арасынан науқас анықталып, карантин уақыты тағы да 14 күнге ұзартылған. Бүгінде 132 адам, университет жатақханасынан, Береке ықшам ауданындағы көп қабатты жаңа үйге көшірілді. Карантинде жатқандар, бөлмелерде жағдай жасалмаған деп отыр.

Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған тағы 4 адам анықталды. Сонымен өңірде індетке шалдыққандар саны 61-ге жетті. 4 адам ауыр халде жатыр.

Рауан ДИАЛИ


Хабарламаларға жазылу