Биыл қардың қалың түскеніне қарамастан Нұр-Сұлтан қаласында тобықтан су кешіп жүрген адам жоқ. Қуантарлық жәйт, әрине. Қып-қызыл ақшаның күшімен қызыл судан құтылғандаймыз. Хош, бірақ, елорданың маңайындағы ахуал мүлдем басқа. Қамалдай қаланған қар көктемнің құшағына енгенде бірден еріп, үйлерді су басып жатыр. Тұрғындар арнамызға хабарласып, арыз-өтініштерін айтқан еді.
Талапкер, Қажымұқан ауылдарындағы үйлерді, жолдарды су басып, қозғалыс қиындаған. Ал Қараөткелдің әр көшесіне өткел керек. Өйткені, су өтпейтін етігің болмаса, арғы бетке өтпейсің.
Қосшыдағы ахуал қалыпты. Пілдің тұмсығындай құралмен көлдей суды сорып жатыр, әйтеуір.
Қуантарлығы жоғарыда айтылған елді мекендерде әзірге су тасқынынан төтенше оқиғалар тіркелген жоқ. Бірақ бұл қауіп жоқ деген сөз емес. Өйткені, қар толық еріп, су толық тасып біткен жоқ. Оның үстіне, табиғи апат айтып келмегенімен, жылда қайтып келетінін көріп жүрміз.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ