Елбасы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласында Үкімет пен жергілікті атқару органдарына уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыру қажет екенін баса айтты.
«Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», деді Елбасы.
Н.Назарбаев Ұлттық қорды сақтап қалу арқылы халыққа әлеуметтік көмек беру мүмкіндігі туып отырғанын баса айтты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті»,- деді еліміздің тұңғыш Президенті.
Елбасы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажеттігін атап өтті.
«Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс», - деді Елбасы.