Қазақстан АҚШ-қа экспорт көлемін арттыруға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан АҚШ-қа экспорт көлемін арттыруға дайын

29.04.2023

Премьер-Министр Әлихан Смайылов АҚШ елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Онда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері сөз болды. Тараптар сауда-экономика саласындағы қазіргі жағдайды және энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, экология салаларындағы қарым-қатынастарды нығайту мүмкіндіктерін талқылады.

Үкімет басшысы былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 40%-ға өсіп, 3,1 млрд доллар болғанын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан сауда көлемін одан әрі арттыруға, яғни құны 800 млн доллар болатын 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын. Айта кетейік, былтыр америкалық инвестиция өсіп, 5,1 млрд доллардан асты. Өз кезегінде, Дэниел Розенблюм биыл жазда түрлі секторда қызмет ететін 20-ға жуық америкалық компания іскерлік мақсатта Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты. Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу