Доллар қымбаттады. Бүгін Қазақстанның валюта айырбастау пунктері мен банктерінде теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы бірден 2 пайызға өзгерген. Бұған Американың Ресейге жариялаған жаңа санкциялары себеп болып тұр. Қос державаның осындай текетіресі Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?
6 сәуір, яғни өткен жұма күні АҚШ-тың қаржы министрі Ресейдің 24 кәсіпкері мен шенеунігін және 15 компаниясын санкция тізіміне енгізді. Осыдан кейін осы аптадағы алғашқы саудада Ресейдің қор биржалары 10 пайызға құлдырап, рубль арзандап кетті. «Форбсқа» сай, бір күн ішінде ең ауқатты ресейліктердің байлығы 12 миллиард долларға азайған.
Бұл жағдай Қазақстанның валюта нарығына да әсер етті. «КАSЕ»-нің күндізгі және түскі сессиясының қорытындысы бойынша доллар 325 теңге 27 тиынды құрады. Ал мұның алдында ол 319 теңге 67 тиын болған. Белгілі экономист Қайырбек Арыстанбековтың пікірінше, рубльдың қатты құлдырауы екіталай. Алайда, біршама арзандайтыны анық. «Қазақстан экономикасының Ресеймен байланысы 30 пайызды құрағандықтан көрші елдегі өзгерістер біздің нарыққа әсер ететіндігі сөзсіз», - дейді.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист:
- Ресей рублінің бағамы АҚШ долларына шаққанда 2-3 пайызға құлдырады. Бұл басы ғана. Менің ойымша, тағы құлдырауы ықтимал. Сол кезде біз теңгенің бағамын доллармен ұстап тұра алмаймыз. Егер біз қазіргі 320 бағамымен ұстап қалсақ, рубль бағамы түсіп жатса, Қазақстанның Ресей нарығына жіберілетін отандық экспорттық тауар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігі төмендеп кетеді.
Ал, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ресейге жарияланған санкциядан кейін айырбас пунктерінде теңге бағамының өзгеруі девальвацияға жатпайтынын атап өтті. Ал, «Ресей нарығындағы өзгерістердің біздің экономикамызға әсерін бағалау үшін алдағы екі-үш күнде жағдайдың қалай өрбитінін көруіміз қажет», - дейді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Иә, нарықта бұл бірқатар қобалжу туғызды. Оның үстіне кейбір мәселелер саясатпен байланысты. Сондықтан, ең әуелі көрші елде қалай дамитынын бағамдауымыз керек. Егер рубль жүйелі түрде әлсіресе, онда белгілі бір әсерін тигізетін шығар.
«Валюта бағамының өзгеруі бұл нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесі. Ұлттық банк бұған араласпайды. Тек іргелі факторлармен байланысты болмаса». Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов бүгін осылай деді. Әзірге айырбас пунктеріндегі сұраныс пен ұсыныс 326-332 теңгені көрсетіп тұр. Алдағы уақытта қалай болатынын әзірге ешкім де дөп басып айта алмайды.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ