Стратегиялық нысандарда мемлекеттің ықпалы сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стратегиялық нысандарда мемлекеттің ықпалы сақталады

29.05.2018

Еліміздегі жекешелендіру бағдарламасынан түскен қаржы басқа инвестициялық жобаларға жұмсалады немесе Ұлттық қорда сақталады. Бұл туралы Мәскеу қаласында брифинг өткізген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұрлан Рахметов мәлімдеді. Жиында Ұлттық қордың менеджерлері Ресейдің ақпарат құралдары мен инвесторларына Қазақстанда сатылатын компаниялар жайлы жан-жақты ақпарат беріп, түрі сауалдарға жауап берді.

2014 жылғы мәліметтер бойынша, қазақ экономикасындағы мемлекеттің үлесі 70 пайыз болған. Қазір бұл шама 18,6 пайызға азайды. Алдағы меже -  2021 жылға қарай мемлекеттің үлесін 15 пайызға теңестіру. Бұл дегеніміз - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткіші. Сол себепті, еліміз активтердің тиімділігін арттыру үшін арнайы жекешелендіру бағдарламасын қабылдап, оларды инвесторларға сату жайлы шешім қабылдаған.

Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры:

- Жекешелендіру бағдарламасының шеңберінде «Самұрық-Қазынаға» кіретін 215 актив бар. Олардың ішінде қазіргі таңда 141 актив сатылды. Осы жылдың аяғына дейін 50 актив сатылады. Ал, 2020 жылдың соңына дейін 9 үлкен активтерді IPO-ға жібереміз немесе стратегиялық инвесторға сатамыз.

Осы уақытқа дейін жекешелендірілген 141 активтен мемлекет 400 миллион доллар қаржы көрді. Енді келешекте сатылатын компаниялардың саны аз болғанымен, бәрі шетінен сапалы. Сәйкесінше, құны қымбат, ал, одан түсетін қаржы анағұрлым қомақты. Мәселен, олар – «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», «Air Astana» сынды алпауыттар. Алайда, еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келмес үшін бұл стратегиялық компаниялардың акциялары тұтастай жекеменшікке өтпейді. Бақылау пакеті, яғни, акцияның 51 пайызы Үкіметтің үлесінде қалады. Осы қатардағы ірі компаниялардың алды жыл соңына дейін IPO-ға шығарылады.

Сергей Куянов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры: 

- Листингкке шығарылатын компаниялар үшін қазір түрлі биржалар қарастырылып жатыр. Бірақ, өзге әлемдік биржалармен бірге Астана халықаралық қаржы орталығы да міндетті түрде бұл тізімде болады. Себебі, бұл алаңға инвесторлардың қызығушылығы зор екенін байқап отырмыз.

Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, Қазақ елі миноритарлы инвесторлардың құқығын қорғау бойынша әлемде бірінші орында тұр. Оның үстіне, еліміз Ресей мен Қытай сынды үлкен нарықтың ортасында, «Бір белдеу, бір жол» сынды мегажобаның өн бойында орналасқан. Сол себепті, жекешелендірілетін активтерге шетелдік инвесторлар ерекше ықылас танытып отыр. Ал, Үкімет енді осы көп ұсыныстың ішінен ең тиімдісін таңдауы тиіс.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу