Қашықтан оқыту 4 тәсіл арқылы жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашықтан оқыту 4 тәсіл арқылы жүзеге асады

31.03.2020

Елдегі барлық орта мектептерде жаппай қашықтан оқуға машықтану процесі басталып кетті. Алайда, онлайн оқыту жүйесін меңгеруге ата-аналардың жүйкесі жетпей жатыр. Көп жерде интернет жоқ, барының қуаты әлсіз, техникалар тағы жоқ. Ал санаулы күннен кейін 4-тоқсан басталады. Қайтпек керек?

Бұл жазба қоғамдағы көп дүниені аңғартып та бергендей. Баласының білім алуын ата-ана мұғалімге ысыра салып, оқытудан әбден алшақтап кеткен сыңайлы. Астарында үлкен мән жатқан видео қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып та жатыр. Елдің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов оқушының уәжіне жауап қайтарды.

Сабақ келер аптада басталады. Бірақ, онлайн оқу оңай болмайын деп тұр. Елдің көп өңіріне интернет тартылмаған. Бұл проблемаларды Білім министрлігі жақсы біледі. Жасырып та отырған жоқ. Түйткілді тарқатудың төрт тәсілін ұсынды. Біріншісі - теледидар арқылы оқыту. 3360 сабақ түсіріледі. Қазір оның 10 пайыздан астамы дайын. Екінші - радио. Қазақ радиосы арқылы мұғалім оқушыға дәріс береді. Үшіншісі - Қазпочта көмегімен жүзеге асады. Оқушы мен ұстаздың арасында дәнекер болып, тапсырманы тасып отырады. Соңғысы — интернет платформалары.

Ал шалғайдағы елді мекендер қашықтан оқыту жүйесіне көшпейді. Яғни, оқушы саны 80-нен аспайтын мектептер. Айталық, Қостанай облысында 224 мектепте сабақ бұрынғы тәртіп бойынша жүргізіле береді. Тек санитарлық талап қатаң сақталады. Сабақ уақыты 30 минутқа қысқарады. Екі ауысым бойынша оқиды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу