Президент Жарлығымен елімізде төтенше жағдай енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жарлығымен елімізде төтенше жағдай енгізілді

16.03.2020

Жер жаһанға жайылған жұқпалы дертке байланысты Президент жарлығымен елімізде төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттері, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Сауда-ойын орталықтарындағы кинопарктер мен балаларға арналған алаңдары, мәдени нысандар уақытша жабылды. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқу жүйесіне көшті. Бұл режим 30 тәулік сақталады. Осынау сын сәтте бірлігімізді күшейтіп, жауапкершілікті арттырған жөн. Жауапты органдар дерттің дендемеуін қадағалайды. Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін тиісті қаражаттың бар екенін, сақтық шаралары қарастырылғанын жеткізді.

Сондай-ақ төтенше жағдай режимі бизнеске берілетін кредиттің азаюына әкелмей, өндіріс қарқыны бәсеңдемес үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосымша қаржы құйылады. Президент «мемлекеттің тұрақты қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша шаралар» туралы Жарлыққа да қол қойды. Ал бұл құжат осынау сын сағатта мемлекеттік органдардың тиімділігін арттырып, тиісті шараларды, қажет болса, салық саласындағы шешімдерді де шұғыл қабылдауға мүмкіндік береді.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу