«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Зұлқия Жұматованың 100 жас мерейтойына орай бағдарлама түсірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Зұлқия Жұматованың 100 жас мерейтойына орай бағдарлама түсірді

28.02.2020
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Зұлқия Жұматованың 100 жас мерейтойына орай бағдарлама түсірді

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматованың ғасырлық мерейтойына орай Алматы студиясында «Бір ғұмыр - бір ғасыр» атты мерекелік бағдарлама түсірді. 

Шараға қазақ телевизиясының ардагерлері Ласкер Сейітов, Мариям Айымбетова, Құсман Игісінов, Төлеубай Қаймолдин, Хадиша Шалина, Нұртілеу Иманғалиұлы, қазақ өнерінің майталмандары Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу, Ескендір Хасанғалиев, Сара Тыныштығұлова, Төлеген Мұхамеджанов қатысты. 





Кеште Зұлқия Мұқанқызы телевизияға алғаш келген сәті мен қызмет еткен жылдары туралы естеліктерімен бөлісті. Замандастары мен қара шаңырақта бірге қызмет еткен әріптестері жылы лебіздерін білдірді. 



Корпорацияның Алматы филиалының директоры Сәуле Жиреншина мерейтой иесіне Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың құттықтау хатын оқып берді.

«Бұл күн – тек Сіздің жеке мерекеңіз ғана емес, 62 жылдық тарихы бар қара шаңырақ «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы үшін де айрықша оқиға. Қазақ телевизиясының дикторлық мектебі алғаш өзіңізден бастау алып, бағыт-бағдарын айқындады. Бүгінгідей бет-бейнесін қалыптастарып, әлемдік телевизия айдынына шықты. 

Сіздің көгілдір экран арқылы күллі республикаға тараған асқақ үніңіз бен балалар әдебиетін дамытуға қосқан айшықты үлесіңіз ұлттық мәдениеттің көкжиегін кеңейтті. Шығармашылық жолыңыз бен кәсіби қолтаңбаңыз телевизия саласында қызмет етіп келе жатқан кейінгі толқынға үлгі екені сөзсіз. Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, денсаулық, күш-қуат, отбасыңызға амандық тілеймін!», - делінген құттықтауда.  

Жобаның телевизиялық нұсқасы Ұлттық арна эфирінен 7 наурыз, сағат 15:10-да көрсетіледі. 

Хабарламаларға жазылу