Тұрғын үйлерді хостелге айналдырғандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үйлерді хостелге айналдырғандар

23.02.2020

Үлкен қалаларда хостел бизнесі дамып келеді. Бұл тұрғын үйлерде ашылған қонақүй іспетті тұрақтайтын орындар. Нақтырақ айтсақ, көп қабатты үйдегі қонақүйге айналған пәтер. Бірақ хостелі бар тұрғын үйлерді мекендейтін басқа азаматтардың мазасы қашқалы қашан. Мәселе былай: бірнеше бөлмелік пәтерде 30-40 адамнан тұрғандықтан, су және кәріз жүйелері үлкен қысымды көтере алмай, пәтерлерді су басады. Сонымен бірге атағанда жиіркенетін тарақан, қандала. Тағы бір жағы – сансыз адам лифтіні сансыз пайдаланатындықтан, олар жиі бұзылып, сынып та жатыр. Төлейтін кім? Хостел иесі емес. Сол үйде, сол подьезде тұратын адамдардың бәрі. Ал ең қорқыныштысы, хостелдерде тұратын адамдардың бейнелеп айтқанда, «моральдық келбеті» де сауал туғызады. Маскүнем, деградацияға ұшыраған адамдар аз емес. Өз пәтерінде тұратындар балалары үшін алаңдап жүр.

Білесіз бе, заң қабылданған – хостелдерді тұрғын үйлердің тек бірінші қабатында және бөлек кіріп-шығатын есігі болғанда ғана ашу туралы. Орындалмайды. Себебі заңның нақ қашан күшіне енетіні және заң талаптары орындалмаған жағдайда қандай шара қолданылатыны жазылмаған! Бұл заңды қабылдағандар хостелі бар үйде тұрмайтыны анық.

Ақерке БЕКТАС


Хабарламаларға жазылу