Қытайдан 83 қазақстандықты алып келді

02.02.2020

Бүгін Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығы елге Қытайдан 83 қазақстандықты алып келді. Олардың 80-і – індет ошағы Ухань қаласында оқып жүрген студенттер. Елге оралған азаматтар Нұр-Сұлтан қаласынан 7 шақырым жердегі инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды. Мұнда олар коронавирустық инфекцияға тексеруден өтеді. Әзірге тек дәрігерлермен ғана байланыса алады. Туған-туыстарына хабар берілген. Сонымен бірге Президент тапсырмасымен Қытайға гуманитарлық көмек үшін 13,6 тонна медициналық бұйым жеткізілген.

 Ал әлемде коронавирустан көз жұмғандардың саны 300-ден асты. Вирусты 14 мыңнан аса адам жұқтырған.Қауіпті инфекция Қытайдан бөлек, қазір 26 мемлекетте тіркелді. Ауру Вьетнам, Германия мен АҚШ-та адамнан адамға тарап үлгерген. Вирустың таралу динамикасы Тайланд, Жапония, Сингапур мен Оңтүстік Кореяда өршіп тұр. Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялады. Женевада өткен жиында Тедрос Гебрейесус медициналық ахуалы нашар елдер үшін алаңдайтынын жеткізді.

Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрі тұрғындардан дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болса және тыныс алу қиындаса, уақыт созбай бірден дәрігерге қаралуды өтінді. Елжан Біртанов фейсбуктегі парақшасында: -Тұрғылықты мекенжай бойынша дәрігеріңізге хабарласуды немесе 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыруды сұраймыз, деп жазды. ҚХР мен шекаралас мемлекеттерден елге 6 қаңтардан бері 27 053 адам келген. Санитарлық-карантиндік пункт мамандары Алматы халықаралық әуежайында - 20 208, теміржол вокзалдарында – 399 жолаушыны тексерген. Қазақстанда коронавирус күдігімен 41 адам ауруханаға жатқызылып, қатаң санитарлық бақылауға алынды. Әзірге бәріне жедел респираторлық вирусты инфекция диагнозы қойылды. Жалпы 84 науқас коронавирусты анықтау үшін анализ тапсырған. Оның ішінде 71 адамның вирус жұқтырмағаны анықталды. Ал 11 азаматтың сынамасы тексеріліп жатыр. Елде коронавирус жұқтырғандар ресми тіркелген жоқ.

 Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу