«Қазгидромет» алдағы күндері боранның басылып, аяз күшейетінін ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазгидромет» алдағы күндері боранның басылып, аяз күшейетінін ескертті

27.01.2020

Иә кеше түнде адамдарды біраз әбігерге салған дүлей боран бүгін күндіз басылып қалды. Дегенмен ымырт түскеннен кейін бұрқасын күшейіп, қайта жел тұра бастады. Елордадағы дәл қазіргі ахуал туралы тілшіміз Шерхан Жамбылұлынан білейік. Әріптесім дәл қазір қала көшелерінің бірінде тұр. Шерхан қарлы желдің тоқтайтын түрі бар ма?  

 Қайырлы кеш Саламат, қадірменді көрермендер. Қазір елордада осындай ауа-райы, термометрлер пәленше градус цельсийді көрсетіп тұр.

 Кешегі өңменіңнен өтетін ызғарлы, қарлы боранның салдарынан қала көшелерінің барлығын ақ ұлпа басып қалды десе болады. Коммуналдық қызмет өкілдері кеше шахардан 8 жарым мың кубтан аса қар күреп шығардық деп есеп беріп отыр. Мамандардың айтуынша, қаланың сыртында биыл қысқы маусымда қар төгетін 6 орын дайындалған. Қазірдің өзінде солардың екеуі толып қалған.

Қар тазалауға қалалық әкімдіктің күші жетпей жатыр. Оған волонтерлер көмек қолын созуда. Қазіргі таңда қалалық еріктілердің штабында 200-ге жуық белсенді жұмыс істеп жатыр. Ал төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді орналастыру үшін 4 қонақ үй дайындалған.

Ал «Қазгидромет» орталығы мамандарының айтуынша, алдағы екі күнде қар мен боран тоқтайды. Есесіне аяз күшейеді. Бірақ бүгін оңтүстіктен секундына 15-20, екпіні 28 метр секундына болатын жел тұрады деп күтіліп отыр. Сондықтан да бүгін бұрқасын жел сапардағы адамдарға қиындық туғызуы әбден мүмкін. Сол себепті сақтық шараларын барынша сақтаған жөн.

Ал ертең жел шамалы басылады. Бірақ ауа-температурасы түнде 20 градусқа дейін төмендейді. Ал 30-31 қаңтар күндері қатты аяз, яғни минус 25-26 градус болады деп болжануда.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу