Сыр бойында қыстың ызғары мүлде сезілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр бойында қыстың ызғары мүлде сезілмейді

23.01.2020

Дегенмен, Арқада ақ түтек боран болса, дәл бүгін Сыр бойында қыстың ызғары мүлде сезілмейді. Ауа-райы жылып, тіпті дарияның деңгейі айтарлықтай түсіп кетті. Жылда сірескен мұз қатып, арнасы ұлғаятын өзен суы қазір бір қалыпта ағып жатыр. Бұған мамандар не дейді екен?

Қыс келсе Сырдария асау мінез танытып, елді дүрліктіретін. Бірақ биыл дариядан дабыл қағатындай қауіп төніп тұрған жоқ. Тек аймақтың солтүстік аудандарында ғана өзен бетіне мұз қатып, шабындық жерлерге жайылған болатын. Ал оңтүстік аумақта Сырдың деңгейі мүлдем түсіп кетті. Мамандардың айтуынша, оған себеп «Шардара» су қоймасынан төменге түсетін су мөлшерінің азаюы.

Сондай-ақ дарияның бір қалыпта ағуына ауа-райының жылылығы да өз оң әсерін тигізуде. Жалпы қыс мезгілі сырбойылықтар үшін әзірге жайлы болып тұр. Қақаған ызғар жоқ. Синоптиктер өңірде қаңтардың соңғы аптасында күндіз 7 градусқа дейін жылы, ал түнде 10 градус аязды көрсетіп, жауын-шашын, тұман, көктайғақ күтіледі деп болжам жасап отыр.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу