7 мыңдай халқы бар елді мекенге қоғамдық көлік жетіспей жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мыңдай халқы бар елді мекенге қоғамдық көлік жетіспей жатыр

22.01.2020

Атырау қаласының іргесінде орналасқан Кеңөзек елді мекенінің 7 мыңға жуық тұрғыны, қоғамдық көлікке зар болып отыр. Автобусқа мұқтаж жұрт, таксиге отыруға мәжбүр. Сапасыз қызметтің кесірінен қалтамыз қағылды дейді ауыл тұрғындары.

Кеңөзекке қарайтын ауылдардың бірі - Тасқала. Мұндағы жұрт үш айдан бері автобустың азабын тартып жүр. Діттеген жерге діңкелеп жетеді. Күніге қалаға қатынайтын мыңдаған тұрғын әбден титықтадық дейді.   

Бұрын қаладан ауылға 15 автобус қатынаған. Қазір оның бәрі көзден бұлбұл ұшты. Себебі жұмысына сылғырт қараған жеке кәсіпкер арыз-шағымнан кейін бой көрсетуді қойған.

Әкімдік жолаушы тасымалына жауапты кәсіпкердің анықталғанын айтады. Келер аптадан бастап 6 қоғамдық көлік жолға шықпақ.

Айналасы бір айдың ішінде ескі автобустардың орнына 10 су жаңа көлік берілуі тиіс. Сондай-ақ 12 жаңа аялдама орнату көзделген. Осылайша, қоғамдық көлікке қатысты дау енді туындамайды деп сендіріп отыр жауаптылар.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу