Волонтердың атын жамылып жүрген алаяқтар кімдер? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волонтердың атын жамылып жүрген алаяқтар кімдер?

18.01.2020

Мейірімділік пен қайырымдылыққа толы сюжетті көрдік. Осы тұста «жыртығы болса желкеннің, желден ешбір пайда жоқ» деген тіркес ойға оралады. Олай болмауы керек еді, бірақ жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі. Ендеше айтайық. Адамның адамға жаны ашуы және қолдан келгенше көмек беруге тырысуы бұл заңдылық. Десе де, жанашырлық тұқым қуаламайтын құндылық. Сондықтан ол біреудің бойында болады, біреуге бұйырмай кетеді. Волонтерлықтың түп тамырына мұқтажға көмектесу деген міндет мұқият байланғанын ескерсек, бұл жерде, ұлтқа, тілге, дінге бөлінуге жол жоқ. Ел мен жерге бөліну одан асқан ағаттық. «Жер басып жүргендердің бәрі жерлес, көктен түскен ешкім жоқ айналайын» деген қағытпа осындайда айтылса керек. Әйтпесе орманы өртеніп, 1 миллардқа жуық жануары тірідей жанып кеткен Австралияға алты құрлықтағы адамдар жанұшыра жәрдемдеспес еді. Мұндай мысал мың. Құлағанның қолтығынан демеу, сүрінгенді сүйеу қазақтың қанына сіңген қасиет. Соны жалпы қоғамға дарыту үшін Волонтерлар жылын кәнігі күнтізбе деп емес, жүректің қылын шертетін басым бастама деп ұққан ләзім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «- 2020 жыл Волонтер жылы деп жариялансын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін,»- деп қаулы етті. Әлемде саяси сом тұлғалар соқтығысып, қарулы қақтығыстар толастамай, қаржылық дағдарыс әлеуеті әлжуаз елдерге батпандап кіргенде біздегі бұл бастаманың тамыры тереңде. Өйткені алты құрлықтың қай түкпірінде оқ атылса, атылған оқтан бейкүнә жандар қаза тапса немесе қаржының жоқтығынан аш-жалаңаш адамдар көз жұмып жатса, ішер су таппай сәбилер шырқырап жан тәсілім етсе бұл тұтас адамзат баласына төнген қауіп. Өйткені бізге тым үлкен боп көрінген әлем, нәубет келсе тым тарылып кететінін ұмытпаған абзал. Сондықтан соғыстың өрті тұтанбақ тұрмақ, тапаншаның тарс еткен үнін шығармау үшін біз бірігуге міндеттіміз. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді дейді қазақ. Бейбіт заманда өмір сүру құқығы үшін адамзат бейбіт түрде күресу тиіс. Ол үшін мейірім мен жанашырлық деген қарапайым түсініктерді түсіну қазіргідей қатты қиын болмауы керек. Сонда ғана, үрей мен қорқыныш келместің кемесімен кете барады. Президент Тоқаевтың биылғы жылды волонтерлар жылы деп жариялауының астарында осындай тұтас философия бар. Және бұл емеурінді тек Қазақ елі емес, тұтас әлем жұртының ұғынғаны абзал. Хош, волонтерлар мейірім үшін күреседі десек те, солардың атын жамылып дұрыс істі бұрыс бағытқа бұра тартатындар бар. Олар көшеде науқас баланың суретін ұстап ақша жинайды. Кешке түскен қаржыны қақ бөліп, қалталарына салып кете барады. Бұл айуандық. Өкініштісі дәл осындай факт Оралда тіркелді. «Үміт оты» деген қордың алаяқтығын әріптесіміз әшкерелеп еді. Тағы бір сұмдық Бразилияда орын алды. 37 жастағы Матеус Альвестің ұлы Жуан ауыр науқасқа шалдыққан. Оған алты инъекциядан тұратын курстан өту керек болған. Дәрінің әр дозасы 81 мың фунт стерлинг, біздің валютамен 37 миллион теңгенің шамасында екен. Волонтерлар мен жанашыр жандар бір жылда 216 мың фунт стерлинг жинаған. Жақсы көрсеткіш. Бірақ... Жүрегіңді осып өтетін ақпарат осында. Матеус Альвес ұлының еміне жиналған ақшаны алып үшті-күйлі жоғалған. Полицейлер оны іздеп тапқанша әкеліктен садаға кеткір адам ақшаның біраз бөлігін жезөкшелер мен есірткіге жұмсаған. Және төрт әйелді тауып жеңіл жүрістілерге арналған орталық ашыпты. Жүректе мейірім, махаббат деген сезім қалмаса адамның туған баласына жаны ашымайтын айуанға айналуы көп күшті талап етпейді әне. Өкініштісі мұндай жүрексіздер өзгелер тұрмақ өзімізде де бар.

Еркін СЪЕЗҰЛЫ  


Хабарламаларға жазылу