Президент жастар кадрлық резервіне енген 300 жаспен кездесті

15.01.2020

«Ең алдымен, туған еліңді шексіз қадірлеу, оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл – ұлтты жаңғырту үшін аса маңызды». Бүгін Ақордада Президенттік жастар кадрлық резервіне енген 300 жаспен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны айтты. Жастарға үлкен жауапкершілік жүктеді, бағыт-бағдар берді және мемлекетті басқарудың жаңа моделін ұсынды.

Бұл – ұлт болашағы аманатталатын жастар. Түр-тұлғасы бөлек, парасат-пайымы ерек жүзден жүйріктер. Абайша айтсақ, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі жас буын. Сондықтан да, олар Президенттік жастар кадрлық резервіне енді. 13 мың үміткерден суырылып шыққан 300-і бүгін Мемлекет басшысымен кездесті.

Мұнда осал адам жоқ. Бәрінің деңгейі жоғары. Қазіргі жедел өзгерістерге толы жаһандық сын-қатерлерге жауап бере алатын кіл мықтылар. Мемлекетті басқару жүйесіндегі басты талап та осы. Себебі қазір әлем тыныш емес. Елдер арасындағы саяси қақтығыстар, сауда соғыстары дүние дидарын күн сайын емес, сағат санап өзгертуде.

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі – азаматтарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсарту. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекетті басқарудың жаңа моделін енгізуді ұсынды. Шетел тәжірибесіндегі икемділік пен ептілікті алға тартқан Президент, Қазақстанға қоғам қажеттіліктеріне сай, тиімді және әділетті жаңа басқару үлгісі қажет екенін айтты.

Мемлекеттік қызмет – мәртебе емес, халыққа жан-тәніңмен қызмет ету. Ашық, әдепті, әділ болу. Әр адамның үнін есту, ел игілігі үшін қабылданатын маңызды шешімге қатыстыру және халықтан түскен арыз-шағымға жедел жауап беру. Ал жоғары лауазым – халықтан биік емес, халықтың бөлігі.

Демек мемлекеттік қызметті жаңартып, басшылардың жаңа буынына жол ашу қажет. Яғни, заманның үні, ойы мен талабынан шығатын жас көшбасшыларды жұмылдыру және жастарды ынталандыру, мансаптық жолда өсуіне мүмкіндік беру. Мемлекетті басқарудың жаңа моделі мен Президенттік кадр резервін түзудің түпкі миссиясы да осы.

Білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету және Отаныңды Абайша сүю. Осы құнды қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қана, ұлтты жаңғыртып, жаңа белеске көтермек.

Талантты жастарды мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Президенттің жастарға сенімі бұл.

Жас келсе іске. Жастарға жауапкершілік жүктелді. Президенттің әр сөзін мұқият тыңдаған олар, сенімге селкеу түсірмей, елдің өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу