10 сынып оқушысы Абайдың 200-ден аса туындысын жатқа біледі

14.01.2020

Абай Құнанбаевтың ғибратты ғұмыры мен тағылымды шығармаларын сырбойылық жастар да бойына сіңіріп, өмірлік ұстаным етіп келеді. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрай Өмірзақова бүгінде Абайдың 200-ден астам туындысын жатқа біледі. Ал «Славяне» этно-мәдени орталығының өкілі Никита Мясцов ұлы ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, талай республикалық байқаулардың бас жүлдесін иеленіп жүр.

Ұлты өзге болса да, қазақтың әуенін жүрекпен тебіреніп шырқайтын Никита даралығымен елдің ықыласына бөленіп жүрген өнерлі жастың бірі. Ол қазақ тілін жетік меңгермесе де, әндерін нақышына келтіре орындайды. Бүгінде репертуарында 50-ден аса ән болса, соның жартысынан көбі қазақ әуені. Әсіресе Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасын» айрықша жанына жақын тұтады. Ұлы ақынның осы туындысымен үлкен сахналарда бағы жанып, талай өнер бәйгесінде топ жарды.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Нұрай Өмірзақова -еліміздегі жас абайтанушылардың бірі. Ол дара ақынның шығармаларына ең алғаш екінші сыныбында қызығушылық танытқан. Содан бері, қара сөзінен тағылым алып, өлеңдерімен сусындап келеді. Білім ордасының кітапханасында әлем классиктерінің кітаптары тізіліп тұрса да, Нұрай үшін Абай Құнанбаевтан асқан тұлға жоқ.

Оныншы сынып оқушысы ұлы дала данышпанының ғибратты өмірін зерттеп, бүгінде 200-ден аса туындысын жатқа біледі. Нұрай қазақ кемеңгерінің кейінгі ұрпаққа ой салатын өлеңдерін кеңінен насихаттауды өмірлік ұстанымына айналдырған.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу