Қазақстандағы ұшақтардың құлауына не себеп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ұшақтардың құлауына не себеп?

11.01.2020

27 желтоқсан, Алматы әуежайынан көкке көтерілуі тиіс ұшақ жер бауырлап барып құлады. Бетон қабырғаны тесіп, лайнердің бүйірін кесіп, құрылысы аяқталмаған үйді қиратты. Өтірік-шыны аралас ақпараттар дереу көпшілік арасында кеулеп кетті. Интернеттің инесіне отырғандар ұшаққа құтқарушылар жеткенше жапа шеккендер мен қаза тапқандардың санын айтып сәуегейлік танытып-ақ жатты. Алғашынды бәріміз абдырап қалып қайсысына сенерімізді білмей сенделдік. Алайда ағайын адасқан ақпаратқа ермесін, қоғамға зияны келмесін деп тәулік бойы тікелей эфир жасадық. Салдары сәскеде белгілі болды. Бек Эйрдың бортында болған 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесінің 12-сі қаза тапты. Бұл 2019 жылы Қазақстанда жолаушылар ұшағының алғаш рет құлауы. Бұлай есеппен сөйлеуім бекер емес, бұған дейінде «қатынау көкпен, арман еді көптен» деген біздің жұрт әуе апаттарынан жақыны мен жарын, бауыры мен баласын жоғалтқан. Жүрегің қан жылайды. Соңғы жылдардағы статисканы ғана ұсынайын, 2017 жылы елімізде 6 әуе апаты орын алған, салдарынан 11 адам қаза тапты. 2016 жылы ұшақ пен тікұшақтарды қоса алғанда 4 апат болды. 7 отандасымыздан айрылып қалдық. 2015 жылы 4 әуе апатынан 7 адам көз жұмды. 2014 жылы төбеден 4 әуе көлігі құлап 3 адамның өмірін жалмады. 2013 жылы 5 әуе апатынан 24 отандасымыз көз жұмды. 2012 жылы естеріңізде шығар, Шымкенттің түбінде ҚР ҰҚК шекара қызметіне тиесілі Ан-72 ұшағы құлап 27 адамның өмірін жалмады. Әрине техника құлағаннан кейін тергеу тағайындап темірден кінәрат табуға болады. Бірақ, тот басқан ұшақты құлатып от баспайынша қимылдамайтын жауапсыздардың есін ертерек кіргізу үшін не істеу? Аталған апаттар туралы біз нені білмей келдік?

Бұл 8 қаңтарда Тегеран әуежайынан көкке көтерілген Boeing 737-нің қалдықтары. Украиналық әуе компаниясына тиесілі ұшақтың бортында болған 176 адам тіл тартпай кетті. Апаттың себебі жайлы болжам бар, пікір пішен.Бұл қарулы қақтығысқа ұласқан саяси сайыстың салдары деген де сөз айтылды. Қауіп бүгін расталды. Иран билігі, оның ішінде Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф «Боингті әскерилер қателесіп атып жібергенін айтып марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады». Тегеран тарапы жолаушылар ұшағының маңызды әскери базаға жақын ұшқанын, сондықтан оның жау ұшағы ретінде қабылданғанын да айтуды ұмытпады. Сарапшылар, бортында 176 адам болған Boeing 737-ге екі ракета тигенін айтты, оның дәлелі ретінде мына бейнежазбаны жариялады. Десе де тергеу әлі жалғасады, бастысы айыптылар қатаң жазаға тартылады деп сенейік.

Өкініштісі бейкүнә адамдар өзгелердің ағаттығы мен ашкөздігінің кесірінен қара жерді құндақ етуге мәжбүр. Марқұмдардың иманы саламат болсын. Желтоқсанда арқамызға мұздай батқан Алматыдағы ұшақ апатына қатысты деректерді қазір сюжетте жіліктеп жеткіземіз, бірақ бұл жерде естен шығармай ескере кететін жайт бар. Бек Эйрдың Фоккер-100 ұшағы құлаған Қызыл Ту ауылына 2013 жылдың 29 қаңтарында СКАТтың Bombardier CRJ-200 әуе көлігі құлаған еді. Ол кезде 21 адам көз жұмды. Араға алты жыл салып аталған ауылда тағы апат. Апат айтып келмегенмен қайтып келетінін естен шығарған жауапсыз шенділердің тындырымсыз тірлігіне қаның қараяды. Bombardier CRJ-200 ұшағының апатына қатысты Мәселеге сұхбат берген авиация саласының ардагері Дмитрий Душимов: «Командир өте тәжірбиелі адам. Өз-өзін өлтіргісі келген жоқ қой Евдокимов. Тәжірбиесі күшті. Ал, енді құлап бара жатқанда бірде-бір қимыл жасамапты ғой көтерілуге. Ол неге? Ойлаймыз, мүмкін денсаулығына қатысты бірдеме бар ау»,- деген еді. Ардагердің айтқаны рас болса, демек бұл салада біз білмейтін былық тым көп. Сол былықты бұқарадан жасырмай, жұртқа айтуға жауапсыз шенділердің батылы жете ме, жоқ әлде жем жейтін астауларынан айрылмай, ақша әкелетін әріптестерін әшкерелеуден бас тарта ма? Бұл ардың ісі, ал қылмыстық істі соңына жеткізіп айыптыларды абақтыға айдау тергеушілердің міндеті. Президентте сондай пәрмен берді.

Еркін СЪЕЗҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу