Ел өңірлерінде балаларға арналған Президент шыршасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел өңірлерінде балаларға арналған Президент шыршасы өтті

24.12.2019

Бүгін еліміздің барлық өңірінде бір мезетте жаңа жылдық мереке өтті. Балалар асыға күтетін шырша тойы таңғажайыпқа толы. Жүздері бал-бұл жанған балғындар ертегі әлеміне еніп, сүйікті кейіпкерлерімен ән айтып, би биледі. Арнайы сыйлықтарға да ие болды.

Мерекелік қойылым «Біз — еліміздің жарқын болашағымыз!» деп аталады. Осы кішкентай балақайлар — Қазақстанның ертеңі, кемел келешектің кепілі. Елімізде тегін білім алуға, кәсіби маман болуға, ел игілігі үшін қызмет етуге мүмкіндік бар. Ең бастысы, тәуелсіз елдің аспаны ашық, халқы тату, балалар алаңсыз, шат-шадыман.

Әсем безендірілген шырша, оған ілінген түрлі -түсті ойыншықтар, қызылды-жасылды жылтырақтар мен көздің жауын алар шамдар керемет көңіл күй сыйлайды. Алтынай Тілеутаева бұл кешке ұзақ дайындалды. Осы күнді асыға күтті.

Сырбойылық балғындар үшін де бүгін қуанышты күн. Шыңғыс-дарынды балаларға арналған спорт интернатында оқиды. Грек-рим күресінен республикалық жарыстарда топ жарып жүрген жас палуан бүгінгі мерекенің құрметті қонақтарының бірі.

Оралдық өрендер де Аяз ата, Ақшақармен жасыл шыршаны айналып, шаттанды. Өнерлерін көрсетіп, сый-сияпатқа кенелді.

Жаңа жылдан әр адам тек жақсылық күтеді. Шырша маңына жиналған балалар мерекелік кештегі әрбір әсерлі сәтті жүрегімен сезінді. Таңғажайыпқа толы жаңа жылдық шара балалардың есінде ұзақ уақыт сақталары анық.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу