Жамбыл облысындағы қатты бораннан жолда қалған 500-дей адам құтқарылды

23.12.2019

Жамбыл облысында ақ түтек бораннан жүре алмай жолда қалған 500 адам құтқарылды. Олардың ішінде балалар да бар. Қолайсыз ауа райына байланысты аймақта төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылған болатын. Қар құрсауында қалғандар жылыту бекеттеріне жеткізілді. Қазір жол бойында жағдай тұрақталып, қозғалыс ретке келтірілді.

Ақтүтек бораннан Алматы –Ташкент тас жолының Жамбыл облысы аумағында қос бірдей учаскесі жабылды. Әсіресе таулы аумақтарда орналасқан Күйік асуы мен Қордай асуынан өте алмаған көліктер жол жиігіне шығып тұрып қалған.

Оқыс оқиғаға байланысты өңірде төтенше жағдай жарияланды. Барлық күш құрылымдары іске кірісіп 400 -дей техника шығарылды. Ал жаурап қалған жолаушылар жақын маңдағы Айша бибі ауылындағы жылыту бекеттеріне жеткізілді.

Оқиға орнына 30-ға жуық құтқарушы мен бірнеше техника жұмылдырылды. 100-ден астам жол полицейі қозғалысты реттеуге атсалысты. Ал қауіпті аймаққа өтіп кеткен көліктерге азық-түлік үздіксіз жеткізіліп отырды.

Қазір Күйік асуындағы жағдай тұрақталып, жол қозғалысы ретке келген. Ал Қордай асуындағы күре жол жабық. Қалың тұман басылғанша жолаушылар Қордай ауылы маңындағы айналма жол арқылы өтеді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу