Қазақстандықтар табысты неге шетелден іздейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар табысты неге шетелден іздейді?

21.12.2019

Қазақстандықтар ақша табу үшін, тұрмысын түзеу үшін, жарытып жалақы алу үшін, тапқаны тамақтан артылатындардың санатында қалу үшін шетелге кетеді. Бәрі емес, бірақ барғаны біраз. Америка мен Еуропа елдеріне отандастар жиі қатынап жұмыс істейді. Өйткені табыс тәуір, ол жақта еңбек күшін ерекше бағалайды. Біздегідей мұрыннан қан кеткенше жегіп, кейін жекіп отыру деген атымен жоқ. Бұл сынды негізінен жеке кәсіпкерлерге қаратып айтып тұрмын. Өйткені бизнесмен болған осы екен деп, елді жұмысқа құжатсыз қабылдап, кейін ақшасын бермей сабылтып, көпшіліктің көз жасына қалған көргенсіз көп. Қандастардың өзге елге қызметке кеткені үшін, сонда барып жақсы жалақыға жеткені үшін тек мемлекетті айыптай беру ақылға сыймайды. Қазір қоғамда қатты талқыланатын тағы бір бағыт Оңтүстік Кореяға отандастардың жұмысқа кетуі. Шен алып, шекпен кимейді, қарапайым қатардағы қызметкер болады. Бірақ алатын айлығы біздегіден кемі бес есе көп. Соңғы мәліметтер бойынша қазір 12000 қазақстандық сол жақта тіркеусіз тірлік етіп жүр. Қайтсін енді? «Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар» демекші, біздегі жалақы жетіп жатса Кореяда қай атасының қазынасы қалып кетті дейсіз. Обалы не керек, біздің мемлекет, билік бәрін жауып жасыруға тырыспады. Иә, шетелге нәпақа табу үшін кеткендер барын айтты. Және өзге елде қиындыққа тап болған қандас қолдаусыз қалмайтынын жеткізді. Бұл да бекер емес, ақша табуға барам дейтін адамды арбайтындар көп қазір. Мәселен, айлығы айға апаратын қызмет тауып береміз деген арамдар қазақ қызын Оңтүстік Кореяда жезөкшелікке салмақ болған. Абырой болғанда абыройын сақтаған ару қулардың қақпанын құтылды, енді елге оралады. Оған біздің мемлекеттік орындар сеп болмақ. Сондықтан басым аман болсын десеңіз шетелге заңсыз кеткенді доғару керек. Тағы ескеретін тұсы бар, еңбек миграциясы деген түсінік тұтас әлемге ортақ. Керек десеңіз, Америка мен Еуропаның адамдары да өзге елде қызмет етіп ақша табуға барады. Бұл адамның таңдауы. Байбаламға салмай байламға келсек осылай. Сонымен біздің отандастар кімнің отанында еңбек етіп жүр? Ертең күйіп кетпеу үшін нені білу керек?

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу