Хэллоуин, Холи, Томатина. Бұл мерекелердің мәні неде?

14.12.2019

Мереке- мереке болғанмен, келеке болмау керек. Әр ұлттың өз тілі бар десек, ұлттық ұстынын айқындайтын мейрамы және жетіп артылады.  Қазір білдей елдердің бір-бірін қарумен қорқытқаны болмаса шүріппені басып, семсер сермескені кемде-кем. Қазіргі соғыстың сипаты басқа - оншақты ұлың мен моншақты қызыңның санасын улап, ұлттық құндылықтарды сіңіретін бастауын бітеп, тамырын жат жұрттың арнасына адастырып апарады. Өзі адасқан адам, ұрпағын жөнге сала алмайтынын аңғару үшін сәуегей болудың қажеті жоқ. Өзегіне өзгенің құрты түскендер өзінің ұлтын ұлықтай қоймайды өйткені. Қазақтың ұлттық құндылығына құлдықтың қамытын кигізуге тырысқандарды еңсеру үшін ел нені білу керек?

Өзгенің мәдениетімен танысайын деп емес, өзінің төл мерекесін місе тұтбай, мұхиттың арғы бетінен еңкілдеп келген тағылымы жоқ мейрамды елпілдеп жүріп өткізетін ел көп. Асқабақтың ішін үңгіп тастап, оған шырақ жағып қоюды Хэллоуин, былайша айтқанда әулиелер күні деп қояды. Әулиелігін қайдам, әуресі көп мұның. Өйткені бұл күні кәрі-жас қу сүйек, қанішер болып киініп ел кезіп кетеді. Бұлардың адамдықтан не үшін ұшынғанын анық айқындап берген ешкім жоқ. Біздегі білмейтіндер желіге желімдей жабысып жұрт жасағанды қайталап жүр. Хэллоуиннің зардабын алыстағы Америка ашық айтты. Дәрігерлер асқабақтың ішіне от қоятын түнде бала өлімінің көбейіп кеткенін, бөбектерді көшедегі көліктердің шетінен қағып мерт қылатынын айтты. Ол ол ма, осы түнді тойлауға жиналған АҚШ-ғы Лонг-Бич қаласындағы бір топтың арасында кикілжің шығып, ашуға булыққан біреуі үш адамды атып өлтірген. Мұндай мысал өте көп. Естеріңізде шығар, Хэллоуин тойлаймыз деп жатырынан жерінген жастарға қойылым қоюға барған талантты каскадерымыз Қасым Жұмағозин жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ол түнгі клубта мумия боп киініп асылып тұруы керек болған. Бірақ қауіпсіздік шараларына шалағай қараған ұйымдастырушылардың кесірінен Қасым Жұмағозинге ауа жетпей, әлсіреп, артынша көз жұмды. Өзіңнен жеріну, өзгеге жақын көрінудің құрбандары бұдан да көп, қазір көрсетеміз.

Холи деген тағы бір мереке бар Үндістанда. Шығу тарихы алуан, негізі адамдар бір-біріне бояу шашып ойнайды. Кей пысықтар Қазақстанның 3-4 қаласында осыны ұйымдастырмақ болды. 12 жастан асқан балалардан бастап келсін деп үні жеткен жерлерге үндеу тастағандары бар. Ол — ол ма, осыдан 3 жыл бұрын «Ақсу қаласының 55 жылдығына орай Жастар бастамаларын дамыту орталығы осы холиды ұйымдастырып оған 400-ге жуық адам қатысты» еген ақпарат шығып қоғам адасқандарды армансыз қуырып алған еді. Өкініштісі мұндай сорақылықтар қоғамда әлі де қылаң береді. Бояу шашпаса тамағы сіңбейтіндерге ақпарат айтайын, Үндістанның өзі холиден қорқып жүр, Өйткені бұл мереке кезінде жүздеген бала бояудан уланып, ондағаны қаза тапқан. Мен санаулысын айттым, сананы улайтындарын санасаң жаңылысып қаласың. Ұлтымыз уланбау үшін сіз бен біз не істеуіміз керек?

Назым ҚАЙРАТ


Хабарламаларға жазылу