Қазақстанда тағы 5 ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Қазір ЖОО-ларды қосымша тексеріп жатырмыз. Жақында ғана тағы 5 университеттің лицензиясын тоқтаттық», - деді ол.
Министрдің айтуынша, заң бойынша олар бұл шешімге 10 күннің ішінде шағым түсіре алады.
Әзірге олардың қай университеттер екені белгісіз. Алайда тексеріс кезінде ЖОО-лардан бірнеше құқықбұзушылық анықталған.
«Көптеген фактілерді анықтадық. Университетке 5 студент қабылданғанымен, оқу соңында 150 маман бітіріп шығады. 2-3 курстарда басқа университеттерден шығып қалған студенттерді қабылдайды екен, яғни ҰБТ сертификатынсыз. Президент тапсырмасына сәйкес біз ЖОО-ларға талаптарды күшейттік. Енді жоғары білім саласындағы олқылықтарды ретке келтіру үшін қосымша тетіктер енгізіледі», - деді Асхат Аймағамбетов.